Өскеменде Ұлы Отан соғысының ардагері Макар Харин өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ардагерді мерейтойымен құттықтады. Макар Родионович өңір басшысына майдандағы жолы туралы әңгімелеп берді. Мерейтой иесінің құрметіне әскери қызметшілердің салтанатты маршы ұйымдастырылды.
100 жастың ар жағында тұтас бір дәуір жатыр: соғыс, майдан жолдары, ауыр жарақат, бейбіт өмірге оралу және ондаған жылға созылған адал еңбек.
Макар Харин 1926 жылы 10 тамызда Алтай өлкесінің Чарыш ауданындағы Маралиха ауылында дүниеге келді. 1943 жылы Кеңес әскерінің қатарына шақырылып, майданға аттанды. 52-гвардиялық атқыштар дивизиясының 153-гвардиялық атқыштар полкінде минометші болып қызмет етті. Ленинград және Прибалтика майдандарындағы ұрыстарға қатысты.
1944 жылы ауыр жараланып, әскерден босатылды. Ерлігі мен қайсарлығы үшін III дәрежелі Даңқ, Қызыл Жұлдыз, II дәрежелі Отан соғысы орденімен және «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталды.
Соғыстан кейін туған ауылында еңбек етті. Ал 1961 жылдан бері Өскеменде тұрып жатыр. Мұнда үй құрылысы комбинатында және облыстық газ шаруашылығында жұмыс істеді.
Облыс әкімі ардагерді құттықтап, Макар Хариннің ғасырлық ғұмыры даңғаза сөздерге емес, ерлік, Отанға деген адалдық, ерен еңбек пен туған жерге деген сүйіспеншілікке негізделгенін атап өтті.
Бүгінде Макар Родионович мерейтойын жақындары мен жерлестерінің ортасында қарсы алып отыр. Өңір тұрғындары үшін оның тағдыры – соғысты бастан өткеріп, бейбіт жылдары елді қайта қалпына келтіруге атсалысқан тұтас бір ұрпақ тарихының көрінісі.