«Әділет» партиясы елордадағы Орталық саябақта тұрғындармен жүздесіп, партияның бастамалары мен бағдарламасын таныстырды. Қала тұрғындары өздерін толғандырған мәселелерін партияның сайлауалды штаб өкілдеріне тікелей айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шара аясында «Әділет» партиясының Құрылтай депутаттығына үміткерлері мен «Жастар рухы» қанатының мүшелері тұрғындармен пікір алмасып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Тұрғындармен тікелей байланыс орнатып, олардың пікірін тыңдау «Әділет» партиясының үгіт-насихат жұмыстарының маңызды бөлігіне айналды. «Әділет» партиясы жанындағы Жастар қанатының Астана қалалық филиалының төрағасы Мағзұм Арсланбек мұндай жылжымалы штабтың халық көп шоғырланатын жерлерді таңдау арқылы тұрғындармен тікелей байланыс орнатуға бағытталғанын жеткізді.
«Мұнда «Әділет» партиясының мүшелерімен қатар жастар қанаты да түгелдей жүр. Орталық саябақта қала тұрғындарына өзіміздің сайлауалды бағдарламамызды түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Тұрғындармен сұхбаттасып, қандай да бір ой-пікірлері болса, бәрін жазып алып түртіп алдық. Ертең партия басшылығымен бірге сол тиімді идеяларды талқылаймыз. Басты мақсатымыз – бағдарламамызды әрбір қала тұрғынына түсіндіру, әрбір тұрғынға жеткізу. Сондай-ақ, қала тұрғындары Құрылтайға үміткерлермен тікелей сөйлесіп, жақын танысса деген ниетіміз бар. Бұл сияқты үгіт-насихат жұмыстары бізде жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бүгінде қала аумағындағы мұндай көптеген қоғамдық орындарда, саябақтарда және үлкен сауда орталықтарында осындай шаралар өтіп жатыр», – деді Мағзұм Арсланбек.

Цифрландыруды дамыту және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тең мүмкіндік қалыптастыру – Құрылтай депутаттығына үміткер Айсұлу Сүлейменованың негізгі басымдықтары. Ол саябақта тұрғындармен кездесу кезінде 23 тамызда өтетін сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
«Елге қызмет ету – бәріміздің борышымыз, сол үшін де халықты сайлауға белсене қатысуға үгіттеп жүрміз. Мамандығым АТ саласы болғандықтан, бірінші кезекте цифрландыру мәселесін көтеремін. Сондай-ақ, өзім мүмкіндігі шектеулі жан болғандықтан, мұндай азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру, олардың кедергісіз сапалы білім алуына, баспаналы болуына және жұмысқа орналасуына жағдай жасау сияқты өзекті мәселелерді қаузайтын боламын», – дейді Айсұлу деді Сүлейменова.

«Әділет» партиясының жылжымалы шеруі заманауи форматтағы шаралармен де ерекшеленді. Атап айтқанда, цифрлық партияның өкілі робот тұрғындардың назарын аударды. Қала тұрғындары онымен суретке түсіп, соңында Құрылтай депуттатығына кандидаттарға өз ұсыныстарын тікелей жеткізді.