«Әділет» партиясының өкілдері Түркістан, Ақтөбе және Ұлытауда жаңа бастамаларды таныстырды

«Әділет» партиясының өкілдері Түркістан, Ақтөбе және Ұлытауда жаңа бастамаларды таныстырды
"Әділет" партиясының баспасөз қызметі

«Әділет» партиясының өкілдері Түркістан, Ақтөбе және Ұлытау облыстарында кәсіпкерлермен, ерекше қажеттілігі бар азаматтармен және ауыл тұрғындарымен кездесіп, өңірлерді дамыту, әлеуметтік қолдау, кәсіпкерлік пен тең мүмкіндіктер мәселелерін талқылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кәсіпкерлікке қолдау – экономикалық дамудың негізі

«Әділет» партиясы Түркістан облыстық филиалының сайлауалды штабы Леңгір қаласындағы «Достық» базарында болып, кәсіпкерлермен, сауда қызметкерлерімен және келушілермен кездесті. Кездесу барысында партияның сайлауалды бағдарламасында көзделген шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған басымдықтар кеңінен таныстырылды.

Партия өкілдері шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау – экономиканы әртараптандырудың, жаңа жұмыс орындарын ашудың және өңірлердің тұрақты дамуының басты тетігі екенін атап өтті. Сондай-ақ кәсіпкерлерге әкімшілік кедергілерді азайту, қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, әділ бәсекелестік ортаны қалыптастыру, отандық өндірушілерді қорғау және салықтық саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.

Кездесу барысында облыстық партия филиалының төрағасы, Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрлан Толыбаев кәсіпкерліктің ел экономикасындағы орнына ерекше тоқталды.

«Мемлекет кәсіпкерге күмәнмен емес, сеніммен қарайтын кез келді. Кәсіпкер күн сайын тәуекелге барып, жұмыс орнын сақтап, салық төлеп, халықты жұмыспен қамтып отыр. Сондықтан оның уақытын тексерумен емес, ісін дамытуға жағдай жасаумен бағалауымыз қажет. Әділетті экономика – адал еңбек еткен адамның жолын ашатын экономика. Біз шағын және орта бизнесті қолдау арқылы жаңа жұмыс орындарын көбейтіп, өңірлердің экономикалық қуатын арттыруды көздейміз. Қазақстанның экономикалық тәуелсіздігі ең алдымен кәсіпкердің еркіндігі мен еңбегінің қорғалуынан басталады», – деді Нұрлан Толыбаев.

Штаб мүшелері партияның сауда саясаты бойынша белгілеген міндеттері ең алдымен қазақстандық өндірушіні қолдауға бағытталғанын айтты. Бағдарлама аясында жергілікті кәсіпкерлердің өнімін сауда желілерінің сөрелеріне шығаруға қолдау көрсетіліп, «Қазақстанда жасалған» бірыңғай сапа бренді қалыптастырылады. Сонымен қатар электрондық сауда мүмкіндіктерін кеңейту арқылы қазақстандық өнімнің шетел нарығына шығуына жаңа жолдар ашылатыны түсіндірілді. Осы мәселелер бойынша кәсіби пікірлерін Құрылтай депутаттығына кандидат Нұрсадық Ергешбек, облыстық партия филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреева, кәсіпкер Шыңғыс Шүменов, Төлеби аудандық мәслихатының төрағасы Нұрлан Қойбағаров білдірді.

Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті. Кәсіпкерлер сауда саласын дамыту, инфрақұрылымды жақсарту, қаржыландыруға қолжетімділік, салықтық жүктеме және әкімшілік рәсімдерді жеңілдету жөніндегі ұсыныстарын ортаға салды. Штаб мүшелері барлық ұсыныстар партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында ескерілетінін жеткізді. Базар кәсіпкерлері мен келушілер «Әділет» партиясының кәсіпкерлікті дамытуға, әділ бәсекелестікті қамтамасыз етуге және еңбек адамының мәртебесін көтеруге бағытталған бастамаларына қолдау білдіріп, алдағы сайлау науқанында іргелі өзгерістер үшін дауыс беретіндерін жеткізді.

Тең мүмкіндік – әділетті қоғамның негізі

Мүгедектігі бар жандардың еркін жүріп-тұруына қолжетімді орта қалыптастыру, білім алып, еңбек етіп, дамуына және өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік беру – «Әділет» партиясы өңірлік сайлауалды штабы мүшелерінің Ақтөбе қаласындағы Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау орталығының өкілдерімен өткен кездесуінің негізгі тақырыбы болды.

Кездесу барысында қатысушылар инклюзивті ортаны дамыту, әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және мүгедектігі бар жандардың мүмкіндіктерін кеңейту мәселелерін ашық диалог форматында талқылады. Ұйым жетекшісі Құралай Байменова қолжетімді тұрғын үйдің, сапалы медициналық көмектің, білім алудың және ерекше қажеттілігі бар азаматтарды жұмыспен қамтуға жағдай жасаудың маңызды екендігін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде мүгедектігі бар азаматтардың көпшілігі еңбек етіп, білім алып, отбасы құрып, қоғам өміріне белсенді араласып келеді.

Құралай Байменова сондай-ақ ұйым жанындағы білім беру орталығының жұмысы туралы айтып берді. Мұнда менталды ерекшелігі бар алпысқа жуық адам еңбек дағдыларын меңгеріп, компьютерлік және қаржылық сауат бойынша білім алады. Сонымен қатар ол әлеуметтік қызметтер порталы сияқты цифрлық сервистердің маңызын атап өтіп, олардың мүгедектігі бар жандарға қажетті тауарлар мен қызметтерді өз бетінше алуына жол ашатынын айтты. 

Өңірлік штаб мүшелері Бибігүл Биманова мен Жанымгүл Төлеуова инклюзивті ортаны дамыту тәжірибесін бөлісті. Бибігүл Биманова қолжетімділік тек бейімделген инфрақұрылым ғана емес, ең алдымен адамдарға құрметпен қарау, олардың қажеттіліктерін түсіну және баршаға тең мүмкіндік жасау екенін айтты. Ал Жанымгүл Төлеуова өз еңбек ұжымында инклюзивті қызмет көрсету қағидаттарын енгізу және қызметкерлерді осы бағытта оқыту тәжірибесімен бөлісті.

Кездесуде үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру, еріктілер қозғалысын дамыту және «Инватакси» қызметінің жұмысын жетілдіру мәселелері де көтерілді. Қолдау орталығының өкілдері Гүлшара Тәженова, Қуаныш Кершетай бұл бағыттарда бірыңғай тәсілдер мен заңнамалық нормаларды қалыптастыру қажеттігін атап өтті.

Партия өкілдері сайлауалды бағдарламада инклюзивті қоғамды дамытуға бағытталған нақты шаралар қарастырылғанын жеткізді. Атап айтқанда, әлеуметтік және оңалту қызметтерін кеңейту, кәсіптік оқыту мүмкіндіктерін арттыру, цифрлық сервистерді бейімдеу және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін жақсарту көзделген. Кездесу соңында қатысушылар тең мүмкіндіктер қоғамын қалыптастыру жолында мемлекет, қоғамдық ұйымдар мен азаматтардың бірлескен жұмысы аса маңызды екенін атап өтті.

Ауылдың әлеуетін арттыру – басты міндет

«Әділет» партиясының «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарының бірі – ауылдарды жан-жақты дамыту, ауыл кәсіпкерлігін қолдау және ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру.

Үгіт-насихат жұмыстары аясында Құрылтай депутаттығына үміткерлер Ақжол Құрмансейіт пен Алмат Жөкебаев Ұлытау ауданына қарасты Терісаққан және Қорғасын ауылдарының тұрғындарымен кездесті.

«Ауыл – елдің алтын қазығы. Сондықтан ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартып, кәсіп бастауға және еңбек етуге қолайлы жағдай жасау – партиямыздың негізгі міндеттерінің бірі», - деді кандидаттар.

Ұлытау облысының ауылдық елді-мекендерінде соңғы 3 жылда 20 фельдшерлік амбулатория ашылды. 250-астам тұрғын жеңілдетілген 2,5 пайызбен несие алып, кәсібін дамытқан. Сондай-ақ ауылдық жерлерде спортты дамыту мақсатында да жұмыстар жүргізілуде. 

Ауылдарға сапар барысында кандидаттар «Есіктен-есікке» акциясын өткізді. Ұлытау ауданының Құрметті азаматы, ардагер журналист Мағзұмбек Машайқовтың үйіне барып, партия бағдарламасымен таныстырды. Зейнеткер өз кезегінде заман жастардыкі екенін айтып, алғысын білдірді. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары