Министр күрестен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

/
Министр күрестен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады
Туризм және спорт министрлігі

17 жасқа дейінгі спортшылар арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін, сондай-ақ олардың жаттықтырушыларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан күрес федерациясының басшылығы, жаттықтырушылар, спортшылар және спорт қауымдастығының өкілдері қатысты.

Салтанатты рәсімді ашқан Ербол Мырзабосынов жас балуандарды 27 шілде мен 2 тамыз аралығында Әзербайжанның Баку қаласында өткен әлем чемпионатындағы табысты өнер көрсетуімен құттықтады. Дүбірлі додаға 61 елден 670 спортшы қатысты. Қазақстан құрамасының намысын 30 балуан қорғады.

Әлем чемпионатының қорытындысы бойынша ұлттық құрама 8 медаль жеңіп алды: 2 алтын, 2 күміс және 4 қола.

Әлем чемпиондары атанғандар:

Бақдәулет Ағабек (еркін күрес, 48 келіге дейін);

Дияр Аманәлі (грек-рим күресі, 55 келіге дейін).

Күміс жүлдегерлер:

Алмас Әли (грек-рим күресі, 48 келіге дейін);

Айша Әбдімәлік (әйелдер күресі, 65 келіге дейін).

Қола жүлдегерлер:

Мардан Орынбасар (еркін күрес, 60 келіге дейін);

Әділет Рысбай (еркін күрес, 71 келіге дейін);

Әлинұр Төлеуғали (грек-рим күресі, 71 келіге дейін);

Інжу Бекқожа (әйелдер күресі, 46 келіге дейін).

Министр бұл жоғары нәтижелер мемлекеттің, Қазақстан күрес федерациясының, жаттықтырушылар құрамының және спортшылардың жүйелі еңбегінің заңды жемісі екенін атап өтті.

«Сіздердің жеңістеріңіз – көп жылғы еңбектің, темірдей тәртіптің және зор жанкештіліктің нәтижесі. Сіздер Қазақстанды әлемдік аренада лайықты танытып, ел мерейін үстем еттіңіздер. Болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге білімі мен тәжірибесін, бар күш-жігерін арнап жүрген жаттықтырушыларға ерекше алғысымды білдіремін», – деді Ербол Мырзабосынов.

Сондай-ақ министр биыл күзде Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтетінін атап өтті. Оның айтуынша, бұл дода жылдың ең ірі халықаралық спорттық оқиғаларының бірі болып, Қазақстанда күрестің одан әрі дамуына жаңа серпін береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары