Белгілі TikTok блогерді тікелей эфир кезінде өлтіріп кетті

/
Белгілі TikTok блогерді тікелей эфир кезінде өлтіріп кетті
ашық дереккөзден

Мексиканың Кульякан қаласында танымал TikTok-блогер Сезар Гастелум атып өлтірілді. Оқиға блогер жылдам тамақтану мейрамханасының жанында тікелей эфир жүргізіп тұрған кезде болған, деп хабарлайды turkystan.kz.

The Sun басылымының жазуынша, мотоциклмен келген қарулы екі ер адам эфир үстінде блогерге оқ атқан. Сол сәтте тікелей көрсетілімді жүздеген мың адам көріп отырған.

Reuters агенттігінің жазуынша, шабуыл тікелей эфирге түсіп қалған. Кадрларда күдіктілердің бірі блогерге жақындап, оған өте жақын жерден оқ атқаны, кейін сыбайласымен бірге ізін суытқаны көрінеді.

Сезар Гастелум әлеуметтік желіде әзілге құрылған видеолары және тікелей эфирлерімен танылған. Оның TikTok парақшасына 600 мыңға жуық адам жазылған.

Синалоа штаты қауіпсіздік қызметінің өкілі блогердің қаза тапқанын растады. Оқиғадан кейін қалада ауқымды полиция операциясы басталған. Алайда күдіктілердің ұсталғаны туралы әзірге ақпарат жоқ.

Қайғылы оқиға Кульяканда қылмыстық топтар арасындағы қақтығыстар жалғасып жатқан тұста болды. Бірнеше айдан бері есірткі картельдерінің ықпал үшін күресіне байланысты қала Мексикадағы ең қауіпті аймақтардың бірі саналады.

Билік тұрақты түрде арнайы операциялар жүргізгенімен, зорлық-зомбылық толқынын тоқтату әзірге мүмкін болмай отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар