Қарағандыда көпқабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтердің терезесінен үш жастағы бала құлап кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қарағанды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға туралы хабарлама 5 тамыз күні кешке қарай 112 қызметінің пультіне түскен. Оқиға Қазыбек би ауданындағы Степной шағын ауданында болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, 2023 жылы туған бала пәтерде ересектердің қарауынсыз қалған. Бір сәтте ол тоғыз қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы терезеден құлап кеткен.
Зардап шеккен бала жедел түрде облыстық балалар клиникалық ауруханасына жеткізіліп, оған қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
ТЖД мәліметінше, жыл басынан бері Қарағанды облысында 30 бала терезеден құлаған. Құтқарушылардың айтуынша, мұндай қайғылы жағдайлардың басым бөлігі балалардың қараусыз қалуы және терезелердің арнайы қорғаныс құрылғыларымен жабдықталмауы салдарынан болады.