Астанада Қазақстанның үздік шеберлері оқушыларға ұлттық қолөнерді үйретіп жатыр

/
Астанада Қазақстанның үздік шеберлері оқушыларға ұлттық қолөнерді үйретіп жатыр

Астанада Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырған «Ұлттық қолөнер мектебі» білім беру жобасы жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жобаға деген жоғары қызығушылық республикалық конкурстық іріктеу нәтижесінде айқын байқалды. Шебер-тәлімгер болуға еліміздің барлық өңірлерінен 331 өтінім келіп түсті. Техникалық іріктеу барысында қайталанған өтінімдер алынып тасталғаннан кейін конкурстық комиссия 271 өтінімді қарап, Қазақстанның 10 үздік қолөнер шеберін анықтады. Бүгінде олар Астана қаласы, Жошы хан көшесі, 16/2 мекенжайында орналасқан Qazaq Creative Hub алаңында 8-20 жас аралығындағы балалар мен жастарға ұлттық қолөнердің дәстүрлі технологиялары мен шеберлік қыр-сырын үйретуде.

Өтінімдерге жүргізілген талдау жобаның республика көлемінде үлкен қызығушылыққа ие болғанын көрсетті. Ең жоғары белсенділік еліміздің оңтүстік өңірлерінде тіркеліп, бұл аймақтардан 137 өтінім немесе жалпы өтінімдердің 51 пайызы келіп түсті. Ең сұранысқа ие бағыт дәстүрлі тоқыма өнері мен киіз басу болып, оған 121 өтінім (44,6%) қабылданды. Сонымен қатар сәндік-қолданбалы өнер және этнодекор бағыты бойынша 42 өтінім (15,5%), ұлттық киімдер мен аксессуарлар жасау бойынша 31 өтінім (11,4%), зергерлік өнер бойынша 20 өтінім (7,4%) тіркелді.

Жобаның білім беру бағдарламасына да қызығушылық жоғары болды. Оған қатысу үшін 450-ден астам өтінім түсіп, іріктеу нәтижесінде 208 оқушы тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

27 шілде мен 12 тамыз аралығында қатысушылар ұлттық қолөнердің 10 бағыты бойынша тәжірибелік білім алуда. Бағдарлама аясында зергерлік өнер, ағаш және тері өңдеу, киіз басу, қыш өнері, кілем тоқу, сүйек ою және басқа да дәстүрлі қолөнер түрлері оқытылады.

Сабақтар тәжірибеге негізделген шеберлік сабақтары форматында өтеді. Қатысушылар тәжірибелі шеберлердің жетекшілігімен дәстүрлі бұйымдарды жасау технологиясын меңгеріп, өз қолдарымен алғашқы авторлық жұмыстарын әзірлейді. Барлық қажетті материалдар мен құрал-жабдықтар ұйымдастырушылар тарапынан тегін қамтамасыз етіледі.

Жоба аясында инклюзивті білім беруге де ерекше мән берілген. «Ұлттық қолөнер мектебінде» ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы топ жұмыс істейді. Мұндай сабақтар олардың шығармашылық әлеуетін ашуға, ұсақ моторикасын дамытуға, эстетикалық талғамын қалыптастыруға және еңбек дағдыларын жетілдіруге мүмкіндік береді.

Жоба 12 тамыз күні өтетін салтанатты жабылу рәсімімен қорытындыланады. Бұл күні қатысушылардың авторлық жұмыстары қойылған көрме ұйымдастырылып, мектеп түлектеріне сертификаттар табысталады.

«Ұлттық қолөнер мектебі» – ұлттық мұраны сақтауға, дәстүрлі қолөнерді жас ұрпаққа дәріптеуге және оны заманауи креативті индустрияның маңызды бағыты ретінде дамытуға бағытталған бірегей жоба. Ол ұлттық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, шығармашыл жастардың әлеуетін ашуға және болашақ креативті мамандардың қалыптасуына мүмкіндік береді.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары