Павлодарда үшем дүниеге келді

/
Павлодарда үшем дүниеге келді
pavlodarnews.kz

Павлодарда «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бірегей үшем дүниеге келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Рavlodarnews.kz жазуынша, 33 жастағы Мадина Қазенова жүктіліктің 35-аптасында кесар тілігі арқылы Аян, Әли және Иса есімді үшемді өмірге әкелді. Мамандардың айтуынша, бір эмбрионның үшке бөлініп, үшемнің дүниеге келуі Қазақстанда ғана емес, әлемдік репродуктологияда да өте сирек кездесетін жағдай.

«Тегін мемлекеттік квота бойынша алғашқы әрекеттен-ақ жүкті болдым. Алғашқы УДЗ кезінде дәрігерлер үшем күтіп жүргенімді айтты. Мен тіпті "Бұл қалжың ба?" деп сұрадым. Экраннан көргенде ғана сендім. Бір эмбрионның өздігінен бөлінгенін дәрігерлердің өзі де тәжірибесінде алғаш рет көріп тұрғанын айтты», – дейді көпбалалы ана Мадина Қазенова.

Жас ананы және нәрестелерді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова құттықтап, отбасыға балалар арбасын алуға сертификат табыстады.

Қазір анасы мен сәбилердің жағдайы тұрақты. Салмағы 2,5 және 2,4 келі болып туған екі ұл анасының жанында жатыр. Ал салмағы 1,4 келі болған үшінші сәби дәрігерлердің бақылауындағы жоғары тәуелділік палатасында ем қабылдап жатыр. Мамандардың айтуынша, ол өздігінен тыныс алып, біртіндеп салмақ қосуда.

Перинаталдық орталықтың неонаталдық қызметінің жетекшісі Жанылай Қапанованың сөзінше, үшем жүктіліктің 35-аптасында дүниеге келгендіктен, бұл мерзім медицинада мерзіміне жақын босану саналады. Үшінші эмбрион кейінірек бөлінгендіктен оның салмағы өзгелеріне қарағанда төмен болған.

Перинаталдық орталық шала туған нәрестелерді күтіп-баптауға арналған өкпені жасанды желдету (ӨЖЖ) аппараттарымен және заманауи реанимациялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген.

Айта кетейік, «Аңсаған сәби» бағдарламасы жүзеге асырылған бес жыл ішінде Павлодар облысында 464 сәби дүниеге келген. Ал 2026 жылдың тамыз айына дейін өңірге бөлінген 250 квотаның 173-і бойынша ерлі-зайыптылар ЭКО орталықтарына жолдама алған. Биылғы жылдың алғашқы жеті айында облыстық перинаталдық орталықта 3 мыңға жуық сәби өмірге келген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар