«Әділет» партиясының республикалық сайлауалды штабының өкілдері Ақтөбе облысына жасаған сапары кезінде аймақтағы профессор-оқытушылар құрамымен және креативті жастарымен кездесті. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің, С. Баишев атындағы Ақтөбе университетінің ұжымымен кездескен кандидаттар жаңа экономикаға арналған кадрлар даярлау, университет ғылымын өркендету, денсаулық сақтау саласын цифрландыру және жастарға арналған жаңа мүмкіндіктер ашу туралы әңгімелесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Республикалық сайлауалды штабтың жетекшісі Айбек Дәдебай атап өткендей, соңғы жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ғылым мен білімді дамытуға бағытталған саясат жүйелі түрде күшейіп келеді. Мәселен, Ұлттық ғылым академиясының мәртебесі нығайып, Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес құрылды, «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң қабылданып, саланы қаржыландыру айтарлықтай артты.

«Әділет» партиясы бұл стратегиялық бағытты толық қолдайды. Ендігі басты міндет - ғылыми әзірлемелердің өндіріске енуін тездетіп, оларды экономикаға қажетті технологияларға, жаңа өндірістер мен заманауи жұмыс орындарына айналдыру. Осыған орай, біз жоғары оқу орындарының академикалық еркіндігі мен ғылыми әлеуетін ары қарай нығайтып, оларды өңірлік инновация орталықтарына айналдыруды ұсынамыз», — деді Айбек Дәдебай.

Кездесуде білім мен ғылымды дамыту мәселелері де кеңінен сөз болды. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Мирамгүл Есенғұлова мен PhD докторы Бекарыс Олжабаев заманауи білім беру мен ғылыми интеграцияның маңыздылығына тоқталды.

Естеріңізге сала кетейік, «Әділет» партиясының Республикалық сайлауалды штабы Қазақстанның аймақ-аймағын аралап жүр. Бұның алдында олар Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Қарағанды, Ақмола және Ұлытау облыстарына барып, сол өңірдің жұртшылығымен кездескен еді.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.