Президент тапсырмалары аясында Қазақстан Үкіметі отандық агроөнеркәсіп өндірісі көлемін арттыру және өткізу арналарын кеңейту жұмыстарын жалғастырып келеді. Премьер-министр Олжас Бектенов ет шаруашылығы басым бағыттардың бірі болуы тиіс екенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ішкі нарықты отандық агроөнеркәсіп өнімдерімен толықтыруды жалғастырып, өткізу арналарын кеңейту, сондай-ақ өнімді сыртқы нарықтарға белсенді ілгерілету қажет. Мал шаруашылығын, әсіресе мультипликативтік әсері жоғары етті мал шаруашылығын дамыту басым бағыттардың бірі болуы тиіс. Осы әлеуетті барынша тиімді пайдаланып, ет өнімдерін экспорттаушы жетекші елдердің бірі ретінде Қазақстанның сыртқы нарықтардағы рөлін нығайта түсу керек», — деп атап өтті Премьер-министр Үкімет отырысында.
Ұлттық экономика министрлігіне мал шаруашылығы және инвестициялық жобаларды несиелендіру мақсатында «Бәйтерек» холдингінің жарғылық капиталын ұлғайтуға қатысты қаржы-экономикалық негіздемені барынша қысқа мерзімде қарап, тиісті қорытынды ұсыну тапсырылды.