Алматы метрополитені қоғамдық көліктің қауіпсіз түрлерінің бірі саналады. Күн сайын оның қызметін 110 мыңнан 130 мыңға дейін жолаушы пайдаланады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Осыған байланысты метро аумағында қоғамдық тәртіп пен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінеді.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері жүргізген тексеру іс-шаралары барысында метро аумағына тыйым салынған заттарды алып өтпек болған 310 азамат анықталды. Заңсыз айналымнан 29 пышақ, кастетке ұқсас 62 зат және төрт оқ-дәрі тәркіленді.
Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында метро станцияларында заманауи бейнебақылау жүйесі жұмыс істейді.
Қазіргі уақытта нысандарда 604 бейнекамера орнатылған. Олардың бір бөлігі нақты уақыт режимінде адамды тану функциясымен жабдықталған.
– Метрополитендегі қауіпсіздік – барлығымызға ортақ жауапкершілік. Жолаушыларды белгіленген ережелерді сақтауға, тыйым салынған заттарды алып өтпеуге, сондай-ақ күмәнді заттар мен заңға қайшы әрекеттер байқалған жағдайда полицияға немесе метро қызметкерлеріне дереу хабарлауға шақырамыз. Тек бірлескен күш-жігердің арқасында әр жолаушы үшін қауіпсіз орта қалыптастыра аламыз, – деді метрополитендегі полиция басқармасының бастығы Орал Ахимов.
Полиция метрополитенді пайдалану қағидалары мен қауіпсіздік талаптарын сақтау әр жолаушының тыныштығы мен қауіпсіздігінің кепілі екенін еске салады.