Ескірген лифт, есі шыққан жұрт

Ескірген лифт, есі шыққан жұрт

Ескірген лифт,  есі шыққан жұрт
ашық дереккөзі
705
Қазір қалаларда ғимараттар мен тұрғын үйлер жыл өткен сайын биіктеп барады. Ғимараттар зәулім бола түскен сайын заманға лайықты жылдам әрі жайлы лифтілер де аса қажетті құралға айналуда. Бір сөзбен айтқанда, өркениет пен лифтіні бөліп жара алмайсыз. Бірақ... Таяуда Астана қаласындағы көп қабатты тұрғын үйлердің бірінде жеделсаты төменге қарай құлап, жертөледен бір-ақ шыққан. Оқыс оқиға кезінде лифт ішінде 8 адам болыпты. Бақыттарына орай, жеделсаты ішіндегі адамдар дін аман. Тек олардың бойын қорқыныш билеп, лифтіге мінуге жүрексініп қалғаны рас. Ал заманауи ғимараттар қатары көбейе бастаған елімізде жеделсаты рөлі арта түсуде. Сондықтан, еліміздегі лифт қауіпсіздігі ерекше назар аударуға тұрарлық мәселе. Биік ғимараттар мен көп қабатты тұрғын үйлерде жеделсатының қауіпсіздігіне қаншалықты көңіл бөлінеді? Лифт орналастыруда қандай талаптарға сүйену қажет?

Мерзімі өткен жеделсатылар аз емес

Ірі қалалардағы тұрғын үйлерде, биік ғимараттарда жеделсатының тұрғындарға қауіп төндіруі әбден ықтимал екендігі тосын жаңалық емес. Алайда оқыстан болатын жағдайларды алдын ала болжауға мүмкіндік жоқ. Астана қаласындағы «Эдем Палас» тұрғын үй кешенінде құлаған лифтідегі жолаушылар да мұндай оқиғаның орын аларын сезбеді де. Ішінде 8 жолаушысы бар жеделсаты 2 метр биіктіктен жертөлеге түсіп кеткен. Астана қалалық Ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, орталық жедел басқармаға лифтіде адамдар қалып қойды деген хабарлама 13 сәуір күнгі сағат 18.50-де түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері лифтінің ішінде 8 адамның болғанын, оның екеуі 5 және 6 жастағы балалар екендігін анықтаған. Лифт алтыншы қабатқа дейін көтеріліп, сосын біртіндеп төмен қарай сырғи бастаған. Іле-шала бірінші қабатта тоқтап қалып, бірден жертөлеге түсіп кетіпті. Сол жерде жеделсаты тоқтап қалған.  Лифт шаруашылығы мамандары есікті ашып, адамдарға сыртқа шығуға көмектесті. Дерек ҚР Қылмыстық Кодексінің 306-бабы (Қауіпсіздік талаптарға жауап бермейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстар жасау немесе қызмет көрсету) бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізбесінде тіркеліп, қажетті сараптамалар тағайындалды. Арада 10 күн өткенде дәл осы тұрғын үй кешенінде лифт 17-қабаттан үзіліп кетті. Оқиға кезінде жеделсатыда болған тұрғын қатты қорқып қалған. Оқыс жағдай түскі бір жарым шамасында орын алыпты.  Бір тұрғын үй кешенінде жеделсатының қайта-қайта істен шығуы тұрғындардың да үрейін ұшырып отырғаны шындық. Мұндай жағдай тағы қайталанар болса, адам өміріне қауіп төндіруі бек мүмкін. Ал бұл оқиғадан 2 апта бұрын Астана қаласындағы «Грант Auto City» сауда орталығындағы лифт ер азаматты басып қалған. Алған ауыр дене жарақаттары салдарынан азамат қайтыс болды. Деректерге жүгінсек, қаза тапқан 1979 жылы дүниеге келген ер азамат сол сауда орталығында сантехник болып жұмыс істеген екен. Қазір қайғылы жайттың мән-жайы анықталу үстінде. Айта кетейік, аталған жағдайға қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 156-бабы (Еңбек қауіпсіздігі ережесін бұзу) бойынша іс қозғалды. Алматы қаласында қаңтар айында 9 бірдей жүкті әйел жеделсатыға қамалып қалған болатын. Төтенше жағдайға тап болған келіншектердің бірі  оқиғаны ұялы телефонына түсіріп алған. Белгілі болғандай, медбикемен  қосқанда 10 адам 3-ші және 4-ші қабат аралығында лифтіден шыға алмай  қалған. Аурухана пациенттері қорыққаннан, бірінен соң бірі жанұшыра  айқайлап, көмекке шақыра бастапты. Тіпті, кейбірінің іші ауырып, қан  қысымы көтеріліп кеткен. Абырой болғанда, мамандар барлығын қапастан аман-есен  шығарып алды. 2017 жылдың басында жарияланған мәліметтерге сүйенсек, бүгінде Астанада 2431 көп қабатты тұрғын үй орналасқан. Осы пәтерлерде тұратын тұрғындар үшін 5516 жеделсаты жұмыс істейді. Ал лифтілердің тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін 47 мамандандырылған ұйым қызмет етуде. Ресми мәліметтерге жүгінер болсақ, 2011-2015 жылдар аралығында 60-тан астам лифт алмастырылған. Бірақ қазіргі уақытта пайдалану мерзімі өтіп кеткен 109 жеделсаты қала тұрғындары үшін қауіпті болып отыр. Мамандар жеделсатының жарамсыз болып қалуына әсер ететін бірнеше себептердің бар екендігін алға тартады. Ең алдымен, лифтіге белгіленген мөлшерден артық салмақтағы жүк салу жеделсатының жұмысын тежейді. Айта кетерлігі, дәл осы себептен лифтілердің 20 пайыздан астамы күрделі жөндеуді қажет етеді. Ал ескі жеделсатыны жаңарту үшін қомақты қаржы қажет. Дерек көздеріне жүгінсек, 9 қабатты тұрғын үйдегі бір лифтіні алмастыру үшін шамамен 6-8 миллион теңге жұмсалады. Сондай-ақ, аталған сома жеделсатының моделі мен өндіруші мемлекетке байланысты да өзгеруі мүмкін.

Жеделсаты жаңара ма?

Жоғарғы қабаттарға әп-сәтте жеткізетін жеделсатының көмегіне жүгінбейтіндер қатары аз болар бүгінде. Жалпы, жеделсатыны ежелде египеттіктер пирамиданы тұрғызып жатқанда тастарды жоғары шығару үшін ойлап тауыпты. Ол кезде египеттіктер бүгінгі лифтілерге ұқсас көтермелерді қолданған екен. Әлемдегі алғашқы лифтілер Версальде  XV  Людовиктің сарайында орнатылған. Содан  кейін орыс монархтары да өздерінің Қысқы Сарайларына орналастырды. Көбіне олар малды жегіп, солардың күшін пайдаланды. Лифт құрылысының  дамуы арқасында жеделсатылар жетіле түсті. Алғаш құбырлар, содан кейінгі жылдары  гидравликалық лифтілер өмірге келді. Алғашқы қауіпсіз лифт «Отис» фирмасында іске қосылған және ол өте жай  қозғалатын еді. Бірақ бұл  жеделсатылардың шынжыры үзіліп кететін жағдайда сақтану қиын болатын. Сондықтан, оны адамдар көп қолданған жоқ. Халыққа арналған электрлік лифтілер дүниеге келген соң, оны барлық үлкен ғимаратты үйлер мен баспаналарға орналастыра бастады. Алғашқы электрлік лифтілер секундына екі метрлік жылдамдықта жұмыс жасады. Бірақ бүгінде лифтілер көпшілік үшін қауіп көзіне айнала бастады. Өйткені бүгінге дейін пайдаланылып жүрген лифтілердің көпшілігі ескірген. Талап бойынша жеделсатылар 25 жыл қызмет көрсетуі тиіс. Ал біздің елдегі кейбір лифтілердің қызметіне 35-40 жылдан асып кеткен. Егер жеделсатының профилактикалық және жөндеу жұмыстарына жіті көңіл бөлініп отырса, бұл  қондырғы ширек ғасырдан да артық жүріп-тұруы мүмкін. Алайда қазіргі уақытта мүлдем жөндеу көрмеген жеделсатылар да тұрғындарға қызмет көрсетуде. Осының салдарынан кейде жоғарыдағыдай апатты жағдайлар орын алып, адам шығынына ұрындырып жатса да, әзірге оларды жаңалау мүмкін болмай тұр. Себебі көпқабатты тұрғын үйлер жекешелендірілген. Соған орай жеделсатылар да тұрғындардың ортақ пайдалануындағы мүлік болып саналады. Яғни, жеке мүлікті иелері өздері жаңалауы тиіс. Заң бойынша тозығы жеткен жеделсатыны жаңарту немесе ауыстыру үшін тұрғындар өз қалталарынан қаржы шығарулары керек. Ал лифтіні жаңартуға қажетті 6-7 миллион теңгені жинау үшін тұрғындар ай сайын, 7 жыл бойы пәтер иелері кооперативіне ақша аударып тұрулары тиіс. Бұл қарапайым халықтың қалтасына ауыр соғатыны түсінікті. Сондықтан, бұл мәселе республикалық бюджет тарапынан шешілуі қажет деп санайтындар қатары көп. Оның үстіне, лифт шаруашылығымен айналысатын ұйымдардың құрал-саймандары, материалдық-техникалық базасы, апаттық жағдайдағы жедел қауіпсіздік қызметі, қосалқы бөлшектер қоры талапқа сай келе бермейді. Өкінішке қарай, бұл мәселеге басымдық беретін тұрғындар да аз. Көбі төмен бағаға қызмет көрсету ұйымдарын іздейді. Бүгінгі күні ескі үйлерді айтпағанда, жаңа салынған тұрғын үйлердегі жедел сатылардың да жағдайы мәз емес. Лифт орналастырумен айналысатын компаниялар арзанқол ақшаға қызығып Украина, Өзбекстан, қала берді Қытайдан сапасыз өнiм әкелуге әбден дағдыланып алған. Айналып келгенде сапасыз лифтінің азабын қараша халық тартуда. Қазақстан бүгінгі күнге дейін жеделсатыларды түгелдей Қытай, Ресей, Белоруссия, Түркия, Оңтүстік Кореядан импорттап келген болатын. Енді олай етудің қажеті жоқ. Өйткені өткен жылдың қыркүйек айында «Алматылифт» көне кәсіпорнының базасында барлық өндірістік желі іске қосылғанын біреу білсе, біреу білмес. «Алматылифт» компаниясы «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасын жүзеге асыру барысында, құны 300 млн теңге болатын «Алатау» жаңа желісін іске қосты. Кәсіпорын қуаттылығы – жылына 1000 бірлік, яғни, күніне кем дегенде 3 лифт жасап шығарады. Өндіріс желісіне жолаушы, жүк, аурухана, коттедж, панорамалық жеделсатылары кіреді. Қазақстандық өнімнің қамтылуы – 60 пайыз. Қазақстандық лифтілер өзінің сыйымдылығымен, шусыздығымен, жайлылығымен және жоғары сапалы болуымен ерекшеленеді деген сол кезде мамандар. Дайындау және құрастыру жұмыстары жапондық әріптестердің жобасы бойынша жүзеге асырылады. Кәсіпорында 40-қа тарта жұмыс орны құрылған.  Әрбір маман шетелде бір жылдық оқу бағдарламасын меңгерген. Кәсіпорын қызметкерлері тәжірибеден өткеннен кейін тек қана лифт жасаумен шектеліп қана қоймайды, сондай-ақ, түрлі ақауларды жөндеумен айналысатын болады. Ол үшін арнайы апат қызметі іске қосылды. Бірақ іске қосылған бір кәсіпорын барлық мәселенің түйінін тарқата алған жоқ. Жалпы, бүгінгі күні қалалы жерлердегі жеделсатылар қауіпті бола бастады. Кейбір деректер Алматы қаласындағы жеделсатылардан жылына 10 адамның зардап шегетіндігін алға тартады. Сонда да, көпқабатты тұрғын үйлердегі лифтілерді қалпына келтірер жауаптылар табылар емес. Мұның бір себебі – жеделсатының сапасына кепілдік беретін «Лифт қызметін лицензиялау» туралы заң жобасының күшін жоюы. Осы заң күшін жойғаннан  кейін лифтіге құрылыс компаниясы мен жеделсатыны жөндейтін компания уақытша ғана кепілдік береді. Ол бар болғаны бір немесе екі жыл ғана. Жеделсатының одан кейінгі мәселесі ПИК-ке қатысты. Демек, жеделсатыларды кооператив уақытында тексеріп, бақылауда ұстауы тиіс. Оған айтарлықтай ақша керек. Қаржы мәселесі қайта айналып тұрғындардың мойнына түседі. Осыдан бір ай уақыт бұрын Ақтау қаласының тұрғындары да қаладағы жеделсатылардың тең жартысына жуығы істен шыққандығын айтып, дабыл қаққан-ды. Тұрғындардың сөзінше, қала тұрғындарының жеделсатыны ұмытқандарына бақандай 20 жыл болыпты. Бүгінде 280 мыңға жуық тұрғыны бар Ақтаудың 13 мөлтек ауданындағы халықтың 40 пайызы жеделсаты қолдана алмай отырған көрінеді. Қазір Ақтауда барлығы 168 жеделсаты болса, соның 70-і Кеңес үкіметі кезінен істемей тұрғанға ұқсайды. Өткен жылы Ақтаудағы 48 үйге жеделсаты қойылыпты. Ал биыл 33 үйге орнатылмақ. Ол үшін бюджеттен 230 миллион теңге бөлінген. Әр жеделсатының құны – 7 миллион теңге тұрады. Жасыратыны жоқ, көпқабатты тұрғын үйдегі жеделсатының дұрыс жұмыс жасамауы бұқара халық үшін күрмеулі мәселе. Себебі жеделсатыдағы оқыс оқиға адам тағдырына тікелей әсер етеді. Мәселен, апат бола қалған жағдайда азаматтар өмір бойы мүгедек болып, тіпті, өліп кетуі де мүмкін. Ескі үйлерді айтпағанда жаңадан салынған кейбір тұрғын үйлердің лифтілері бірде жұмыс істеп, бірде жұмыс істемей тұрады. Осыны ескерсек, жаңадан орналастырылған жеделсатылар да  толықтай қауіпсіз деп нық сеніммен айтуға келмес. Күнделікті қолданып жүрген жеделсатыға баса мән бермегенімізбен, күтпеген жерден тұрғындар өміріне қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан, бұл мәселеге бейжай қарауға болмайды.

Серіктес жаңалықтары