«Әділет» партиясынан Құрылтай депутаттығына кандидат Рауан Кенжеханұлы алдағы сайлауда бір мандатты кандидаттардың неге болмайтынын түсіндірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оның айтуынша, қазір Қазақстанның алдында кәсіби парламент құру міндеті тұр.
«Біздің мақсатымыз – кәсіби Парламент қалыптастыру. Кәсіби Парламент дегеніміз – оның құрамына заң шығаруға, мемлекеттік мәселелерді талқылауға және туындаған мәселелер бойынша нақты ұсыныс бере алатын азаматтардың келуі. Біз ешкімді шеттеткіміз келмейді. Дегенмен қазіргі партиялық тізімнің бір артықшылығы – Парламент құрамын кәсіби тұрғыдан күшейтуге мүмкіндік береді», – деді ол.
Рауан Кенжеханұлы қоғамға танымал тұлғалардың да саясатқа келуіне ешкімнің қарсы емес екенін, алайда заң шығару қызметінде кәсіби тәжірибе мен еңбек жолының маңызы жоғары екенін атап өтті.
«Ірі кәсіпорындарды басқарған азаматтардың, түрлі мекемелердің басшыларының, өз еңбегімен, біліктілігімен танылған мамандардың Парламентте көбірек болғаны маңызды деп есептейміз. Әрине, қоғамға танымал адамдар да болады. Бірақ олардың заң шығару саласындағы кәсіби дайындығы қандай деңгейде екенін әрдайым нақты айта алмаймыз. Сондықтан біз үшін ең маңыздысы – Парламент құрамына кәсіби білігі жоғары, өмірлік және еңбек тәжірибесі мол азаматтардың келуі. Өйткені олардың жинаған тәжірибесі ертең заң шығару жұмысына нақты пайдасын тигізуі керек», - деді ол.
Ол сондай- ақ «Әділет» партиясы құрамына тек миллионерлерді жинап алған деген қоғамдық пікірге жауап берді. Оның сөзінше, партия құрамындағы кәсіпкерлер ең алдымен өндірісті, экономиканы және еңбек ұжымдарының мәселесін жақсы білетін басқарушылар ретінде бағаланады.
«Біріншіден, ол азаматтардың барлығы үлкен шаруаның басындағы адамдар. Мысалы, Андрей Лаврентьев басқаратын Allur, «СарыарқаАвтоПром», Karcement сияқты кәсіпорындарда жүз мыңнан астам адам жұмыс істейді. Әрине, сондай ірі кәсіпорындарды басқарып отырған адамдар өндірістің жағдайын да, экономиканы да, сол жердегі адамдардың тұрмыс-тіршілігін де жақсы біледі. Сол сияқты басқа да азаматтар бар. Біз үшін олардың білімі, жинаған тәжірибесі, үлкен ұжыммен жұмыс істеудегі тәжірибесі маңызды. Шынында да, олар партия бағдарламасын әзірлеуге де, партияның жұмыс тәсілдерін талқылауға да көптеген ұсыныс айтты. Ең бастысы, олар партия жұмысына өздері ғана емес, бүкіл ұжымымен бірге араласып жатыр. Бұл мекемелер Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде – Қостанайда, Қарағандыда, Алматы облысында және басқа аймақтарда орналасқан. Сол өңірлердің барлығынан бізге делегаттар келді. Осы кәсіпорындардың қызметкерлері де партия жұмысына қатысып жатыр», - деді ол.
Рауан Кенжеханұлының мәліметінше, бүгінде партияға мүше болуға немесе оны қолдауға ниет білдірген азаматтардың саны шамамен 700–800 мыңға жеткен. Ал қоғамға белгілі ірі кәсіпкерлердің саны бес-алты адамнан аспайды.
Айта кетейік, Рауан Кенжеханұлы жуырда «4Власть» ютуб каналына сұхбат берген болатын.
Дайындаған:
«Әділет» партиясының баспасөз қызметі.
«Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражаты есебінен төленді.
Тапсырыс беруші: Н.Т. Мыңжасаров.