Respublica партиясы Шығыс Қазақстандағы өндіріс өкілдерімен пікір алмасты

/
Respublica партиясы Шығыс Қазақстандағы өндіріс өкілдерімен пікір алмасты
Respublica партиясы

Сайлауалды науқан аясында Respublica партиясының командасы Шығыс Қазақстан облысындағы ірі әрі көпсалалы компаниялар тобының бірі – AN Group ұжымымен кездесті. Мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отырған компаниялар тобы бүгінде өндіріс пен құрылысты өзара сабақтастырған тұтас экожүйе қалыптастырған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қызмет еткен жылдар ішінде AN Group көптеген жобаны жүзеге асырып, бүгінде құрылыс, өндіріс және оларға сабақтас бірқатар салалардағы кәсіпорындар мен бағыттарды бір арнаға тоғыстырып отыр. Компаниялар тобын белсенді кәсіпкер, 33 жасында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген құрылысшысы атанған, “Құрмет” орденінің иегері Қайнар Дүйсенов басқарады.

Кездесу «Юбилейный» кинотеатрында ресми баяндамалар мен мінберлік арақашықтықтан ада, ашық әңгіме форматында өтті.

Жиын басында еңбек ұжымына Respublica партиясы жұмысының негізгі бағыттары таныстырылып, басты бастамалары мен Парламент қабырғасында атқарған жұмыстарының нәтижелері баяндалды.

Партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров Құрылтай депутаттығына кандидаттар Олжас Құспеков, Нұргүл Тау, Лаура Вайгорова және Ерболат Мұхамеджановпен бірге сайлауалды бағдарламаның негізгі басымдықтарын таныстырды.

Айта кетерлігі, партияның осы уақытқа дейін қол жеткізген нақты нәтижелері бар. Respublica командасының бастамасымен шағын бизнес пен өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың мүмкіндіктері кеңейтіліп, фермерлер мен отандық өндірушілердің мүддесін қорғауға бағытталған шешімдер қабылданды. Жастарды, медицина қызметкерлерін және мүгедектігі бар азаматтарды қолдау бағытында да маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Партия өкілдерінің айтуынша, олар үшін саясат – ертең не істейтінін айтумен ғана шектелмейді. Саясат – жауапкершілікті өз мойныңа алып, басталған істі нақты нәтижеге жеткізе білу.

Кездесуде ел экономикасының нақты секторын дамытуға тікелей қатысты мәселелерге айрықша назар аударылды. Отандық бизнес пен өндіріс үшін қолайлы жағдай қалыптастыру, жаңа жұмыс орындарын ашу, салық саясатын жетілдіру, еңбек нарығына қажетті білікті мамандар даярлау, білім сапасын арттыру, жұмысшы және инженерлік мамандықтардың беделін көтеру мәселелері кеңінен сөз болды.

Кездесудің негізгі өзегіне AN Group еңбек ұжымымен тікелей әрі ашық диалог арқау болды. Қызметкерлер кәсіпорындар мен өңір тұрғындарын толғандырып жүрген нақты мәселелерді ортаға салды. Салық жүктемесі мен кәсіп жүргізу шарттары, уақыт белдеуі, білікті кадр тапшылығы, отандық өндірушілерді мемлекеттік қолдау, сондай-ақ нақты сектордың қызметіне ықпал ететін заңнамалық өзгерістер жөнінде сауалдар қойылды.

Еңбек ұжымының сауалдарына партия төрағасы мен Құрылтай депутаттығына кандидаттар жан-жақты жауап берді. Ашық диалог барысында сайлауалды бағдарламаның бағыттары ғана емес, күн сайын өндіріс пен құрылыстың бел ортасында еңбек етіп жүрген азаматтардың нақты ұсыныстары мен ой-пікірлері де талқыланды.

AN Group компаниялар тобының басшысы Қайнар Дүйсенов кәсіпкерлермен, мамандармен және еңбек адамдарымен тікелей пікір алмасу қабылданған шешімдердің өмірде қалай жүзеге асып жатқанын бағалауға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Кез келген кәсіпорынның артында, ең алдымен, адамдар тұр. Бұл – жұмыс орындары, отбасылар және ұжым алдындағы жауапкершілік. Сондықтан нақты секторға қатысты мәселелердің тек кабинеттерде талқыланбауы біз үшін маңызды. Заңнамалық шешімдер құрылыс салып, өнім өндіріп, жұмыс орындарын ашып, ел экономикасының дамуына күн сайын өз еңбегімен үлес қосып жүрген азаматтардың пікірін ескеруі тиіс», – деді Қайнар Дүйсенов.

Шығыс Қазақстан еліміздің негізгі индустриялық өңірлерінің бірі болып қала береді. 370 мыңнан астам тұрғыны бар Өскемен – түсті металлургия, машина жасау, энергетика, тамақ өнеркәсібі мен құрылыс саласының ірі кәсіпорындары шоғырланған қуатты өнеркәсіптік орталық.

Сондықтан отандық өндірісті дамыту, қуатты өңірлік бизнестің өркендеуіне жағдай жасау, білікті кадрлар даярлау және еңбек адамдарының мүддесін қорғау Respublica партиясы мен AN Group ұжымы арасындағы кездесудің басты тақырыптарына айналды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар