Әлеуметтік желіде Тараз қаласында болған балалар арасындағы жанжалдың видеосы тарады. Кадрларда жасөспірімнің өзінен кіші баланы қуып жетіп, соққыға жыққаны көрінеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Видеода жасөспірімнің қашып бара жатқан баланы қуып жетіп, басынан ұрғаны байқалады. Кейін ол баланы көтеріп, жерге алып ұрып, оқиға орнынан кетіп қалған.
Бірнеше секундтан кейін зардап шеккен балаға басқа балалар жүгіріп келіп, көмек көрсетуге тырысқан.
Жанжалға қатысқандар анықталды
Жамбыл облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 27 шілдеде оқиғаға қатысқан барлық жасөспірімнің жеке басы анықталған. Олар ата-аналарымен бірге полиция бөліміне жеткізілді.
Зардап шеккен баланы дәрігерлер тексеріп, қажетті медициналық көмек көрсеткен. Кейін ол үйіне жіберілген.
Жасөспірімнің ата-анасы жауапқа тартылды
Полиция мәліметінше, құқық бұзушылық жасаған жасөспірімнің ата-анасы баласының бұзақылық әрекеті және оны тәрбиелеу міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жасөспірімге қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға жіберіледі. Комиссия оған қолданылатын профилактикалық ықпал ету шаралары туралы шешім қабылдайды.
Полиция балалардың тәрбиесі мен мінез-құлқына заңды өкілдері жауапты екенін еске салып, ата-аналарды жасөспірімдердің бос уақыты мен жүріс-тұрысына көбірек назар аударуға шақырды.