Respublica партиясының ауқымды сайлауалды науқаны Қарағандыдан бастау алды. Республикалық сайлауалды штабтың ашылуынан кейін дәл осы өңірде сайлаушылармен алғашқы кездесулер өтті. Бір күннің ішінде партия кандидаттары мыңнан астам қарағандылықпен – фермерлермен, кәсіпкерлермен, жастармен, өндіріс қызметкерлерімен, қоғам белсенділерімен және қала тұрғындарымен жүздесті. Бұл – үлкен сапардың бастамасы ғана. Алдағы уақытта мұндай кездесулер Қазақстанның барлық қаласында жалғасады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Күннің басты оқиғасы Серік Сәпиев атындағы бокс орталығында өткен партия жақтастарының форумы болды. Форумды партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров ашып, Respublica бүгін халық алдына тек уәдемен емес, нақты нәтижемен шығып отырғанын айтты.
Ол партия депутаттарының бастамасымен вейптерге толық тыйым салынғанын, кәсіпкерлердің мүддесін қорғау мақсатында Салық кодексіне өзгерістер енгізілгенін, инклюзивті құрылыс нормалары қолға алынғанын, мектептегі тамақтану жүйесін жаңғырту, әскерде қызмет еткен жастарға жоғары оқу орындарына түсу кезінде жеңілдіктер беру және аутизмі бар балаларға арналған ABA-терапия мамандарын даярлау бастамалары жүзеге асқанын атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – әр азаматтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік жасау. Ал әл-ауқаттың бастауы – мүмкіндік», – деді Айдарбек Қожаназаров.
Форумда сондай-ақ партия төрағасының орынбасары Олжас Құспеков, партияның тең төрағасы Максим Барышев, Respublica партиясының Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Нұрлан Әубәкіров сөз сөйледі. Сонымен қатар алдағы Құрылтай сайлауына қатысатын өзге де кандидаттар өз бағдарламалары мен басым бағыттарын таныстырды.
Барлық баяндамалардың өзегіне отандық өндірісті дамыту, шағын және орта бизнесті қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу, цифрландыру, білім беру және әрбір қазақстандыққа тең мүмкіндік қалыптастыру мәселелері арқау болды.
Форум жергілікті өнерпаздардың қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен және қатысушылармен ашық пікір алмасумен аяқталды. Алайда сайлауалды науқан енді ғана басталып отыр. Қарағандыдан кейін Respublica командасы еліміздің өңірлерін аралап, тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіпкерлермен кездесулерін жалғастырады. Келесі бағыт – Шығыс Қазақстан облысы.
Форум соңында Айдарбек Қожаназаров қатысушыларға қайта сөз арнап, партияның сайлауалды сапарын неге дәл Қарағандыдан бастағанын түсіндірді.
«Өткен сайлауда Respublica партиясына ең жоғары қолдау көрсеткен өңірлердің бірі – Қарағанды облысы болды. Сондықтан біз науқанымызды дәл осы жерден – бізге сенім артқан, қолдау білдіріп, өз дауысын берген азаматтардан бастауды жөн көрдік. Біз ең алдымен сол сенім үшін алғыс айтуға келдік», – деді партия төрағасы.
Қарағандыдан кейін Respublica командасы ел өңірлерін аралап, тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен және кәсіпкерлермен кездесулерін жалғастырады. Келесі аялдама – Шығыс Қазақстан облысы.