Respublica партиясы Өскемендегі ірі сүт өндіруші кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесті

/
Respublica партиясы Өскемендегі ірі сүт өндіруші кәсіпорын қызметкерлерімен жүздесті
Respublica партиясы

Бүгін Respublica партиясының кандидаттары еліміздегі ірі сүт өндіруші кәсіпорындардың бірі – «Восток-Молоко» корпорациясының ұжымымен жүздесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Корпорацияда 1 500-ге жуық адам еңбек етеді. Соның 600-ге жуығы Өскемендегі зауытта жұмыс істейді. Мұнда тәулігіне шамамен 150 тонна сүт өңделіп, 100-ден астам түрлі өнім өндіріледі. Бұл өнімдер еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі.

Дүкен сөресіне жеткен әрбір сүт өнімі – жүздеген адамның адал еңбегінің, заманауи өндірістің және үлкен жауапкершіліктің жемісі. Сондықтан бұл кездесуде әңгіме тек өндіріс жайында ғана емес, отандық кәсіпкерліктің бүгіні мен ертеңі туралы өрбіді.

Кездесу барысында кәсіпорын ұжымы мен басшылығы бүгінде көптеген қазақстандық өндірушілерді алаңдататын мәселелерді ашық айтты. Атап айтқанда, жалақы деңгейі, білікті маман даярлау, салық жүктемесі, қаржыландырудың қолжетімділігі, өңдеу өнеркәсібін дамыту, заңнаманы жетілдіру және қазақстандық кәсіпорындардың ішкі әрі сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру мәселелері сөз болды.

«Восток-Молоко» корпорациясының бас директоры Сейілжан Сайлаубаев өндірістің тұрақты дамуы кәсіпорынның табысты жұмыс істеуіне, цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен әрі ұтымды енгізуге және нақты өндіріс саласының үнін еститін заңдарға тікелей байланысты екенін атап өтті.

Respublica партиясының сайлауалды бағдарламасында еңбек адамы мен отандық өндірісті қолдау басты басымдықтардың бірі ретінде айқындалған. Бағдарламада еңбекақы қорына түсетін салық жүктемесін азайту, өңдеу өнеркәсібін дамыту, жаңа өндірістерді іске қосу, жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру, еңбек нарығына қажетті мамандар даярлау және қазақстандық кәсіпорындардың тұрақты дамуына жағдай жасау көзделген.

«Қуатты экономика кабинеттерде құрылмайды. Ол зауыттарда, цехтарда, өндіріс орындарында күн сайын адал еңбек етіп жүрген азаматтардың қолымен қалыптасады. Қазақстанның бүгіні де, ертеңі де – еңбек адамымен берік», – деді партия төрағасы Айдарбек Қожаназаров.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары