Қазақстан Халық партиясы Алматыдағы 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта «Мәңгілік классика» акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға Қазақстан Халық партиясы төрағасының орынбасары Бейбіт Құсайынов, ҚХП-дан Құрылтай депутаттығына кандидаттар Алмат Ахметов пен Ақбота Асқарбекова (Аша Матай) қатысты.
Іс-шара ашық мәдени форматта өтіп, қала тұрғындары мен қонақтарының басын қосты. Саябақ аумағында ішекті квартет әлемдік классикалық шығармаларды орындап, қатысушылардың еркін әрі мазмұнды пікір алмасуына қолайлы орта қалыптастырды. Музыка уақыт пен саяси ахуалға қарамастан өзектілігін жоғалтпайтын мәңгілік құндылықтарды дәріптейтін акцияның басты символына айналды.
Іс-шара барысында партияның ақпараттық аймағы жұмыс істеп, қатысушылар Қазақстан Халық партиясының сайлауалды бағдарламасының басым бағыттарымен танысты әрі өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Үгіт-насихат тобы қала тұрғындарымен тікелей байланыс орнатып, ашық пікір алмасуға мүмкіндік жасады.
Іс-шараның негізгі бөлігінде Қазақстан Халық партиясынан кандидат Алмат Ахметов сөз сөйлеп, партияның өзге саяси күштерден басты ерекшелігіне тоқталды. Оның айтуынша, ҚХП ескірген идеологиялық ұстанымдарға емес, қоғамның нақты сұраныстары мен өзекті мәселелеріне сүйенеді.
«Қазақстан Халық партиясы – әлеуметтік саясаттағы уақыт сынынан өткен "мәңгілік классика". Өткеннің ұрандарымен өмір сүріп, бүгінге дейін "Социалистік Интернационал" секілді ескірген идеологиялық құрылымдарға сүйенетін, мұны ЖСДП өкілдері де жиі айтып жүретін саяси күштерден айырмашылығымыз – біз халықпен нақты шешімдердің тілінде сөйлесеміз. Бүгінде адамдарға абстрактілі идеологиялық одақтар емес, лайықты жұмыс орындары, еңбек адамының құқықтарын қорғау, отбасыларға қолдау және ертеңгі күнге деген сенім қажет. Біздің саясатымыз – құр декларация емес, нақты іс. Бұл өткенге қайта оралу әрекеті емес, әділеттілік пен әрбір адамға қамқорлық қағидаттарына сүйене отырып, алға нық қадам басу», – деді Алмат Ахметов.
Акцияға 100-ден астам адам қатысып, ол қоғаммен ашық диалог орнатуға бағытталған қоғамдық бастамалардың біріне айналды. Мәдениет пен музыкаға негізделген формат партияның негізгі құндылықтарын көпшілікке қарапайым әрі әсерлі жеткізуге мүмкіндік беріп, қатысушылардың қызығушылығын арттырды.