«Ауыл» партиясы Қосшыдағы медициналық ұйымның ұжымымен кездесу өткізді

/
«Ауыл» партиясы Қосшыдағы медициналық ұйымның ұжымымен кездесу өткізді
«Ауыл» партиясы

«Ауыл» партиясының өкілдері Құрылтай сайлауының үгіт-насихат жұмыстары аясында Қосшыдағы «VIAMEDIS KOSSHY» медициналық ұйымының ұжымымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жиынға Құрылтайға кандидаттар Шахмардан Байманов, Александр Разинков, Динара Райханова, Дәурен Бабамұратов, Ілияс Досходжаев, София Әбдуразақова, Дәурен Рахымбек, Анар Тұрмұхамбетова және Айнагүл Үстемірова қатысты.

Кездесуді ашқан партия төрағасы Қайрат Айтуғанов Қосшы қаласының қысқа уақыт ішінде еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қалалардың біріне айналғанын атап өтті. Оның айтуынша, халық санының артуы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылымды одан әрі дамыту қажеттігін көрсетеді.

Қайрат Айтуғанов Қосшының Қазақстанның барлық өңірінен келген азаматтарды біріктіретін қала екенін айтып, партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі қағидаты – «Қуатты өңірлер – қуатты орталық!» екенін атап өтті. Бұл бастама азаматтардың тұрғылықты жеріне қарамастан мемлекеттік қызметтерге тең әрі сапалы қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Іс-шарада денсаулық сақтау жүйесін дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылды. Партия төрағасы «Ауыл» партиясының бағдарламасы медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын жақсартуды, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуды және медицина қызметкерлерін жан-жақты қолдауды көздейтінін айтты.

Оның айтуынша, партия медицина мамандарының еңбек жағдайын жақсартуды, саланың кадрлық әлеуетін күшейтуді, кәсіби даму мүмкіндіктерін кеңейтуді және заманауи технологияларды енгізуді қолдайды. Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – телемедицинаны дамыту. Бұл ауылдық жерлердегі медицина ұйымдарына жетекші клиникалардың мамандарынан қашықтан кеңес алып, көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ сапалы денсаулық сақтау жүйесінің қалыптасуы заманауи инфрақұрылымды дамытумен, халықты сапалы ауыз сумен, тұрақты электр энергиясымен және жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етумен тығыз байланысты екені айтылды.

«VIAMEDIS KOSSHY» медициналық ұйымы Қосшы қаласы мен оған жақын орналасқан елді мекендердің тұрғындарына медициналық қызмет көрсетеді. Күніне мекеме мамандары 1000-ға дейін пациентті қабылдап, консультация беріп, диагностикалық тексерулер жүргізеді және қажетті медициналық көмек көрсетеді.

Кездесу барысында кандидаттар партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырып, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру салаларындағы басымдықтарға тоқталды.

Медицина қызметкерлері денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, мамандарды қолдау және әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту жөніндегі ұсыныстарын айтып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Айтылған ұсыныстар мен пікірлер партияның алдағы жұмысында ескерілетіні жеткізілді.

Кездесу соңында партия төрағасы медицина қызметкерлеріне адал еңбегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіріп, ұлт денсаулығын нығайту мен өңірлердің тұрақты дамуы медицина саласын жан-жақты қолдаумен тығыз байланысты екенін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары