Ақтөбе облысында Самара – Шымкент тас жолында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан BMW жол талғамайтын көлігінің жүргізушісі қаза тапты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шетелдік жеңіл көлік DAF жүк көлігімен соқтығысқан. Соққының қатты болғаны соншалық, BMW жүргізушісі медицина қызметкерлері келгенге дейін оқиға орнында көз жұмды.
Жол апаты салдарынан тағы алты адам жарақат алды. Медициналық мекемеге BMW жол талғамайтын көлігінің бес жолаушысы мен жүк көлігінің жүргізушісі жеткізілді.
Адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта апаттың мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.