Астанада қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қызмет атқарып жүрген Ұлттық ұлан 5516 әскери бөлімінің қызметкерлері жоғалып кеткен 3 жасар баланы тауып, ата-анасына аман-есен қайтарды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға кешкі сағат 20:00 шамасында қала көшелерінің бірінде орын алған. Патрульдік қызмет барысында әскери жасақ бастығы қатардағы жауынгер Беркинов Ертілек, патрульшілер қатардағы жауынгерлер Болат Асет пен Әліп Қалтай көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген кішкентай баланы байқайды.
Әскери қызметшілер бүлдіршіннің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оның кім екенін және ата-анасын анықтау мақсатында жедел шаралар қабылдады. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде баланың ата-анасы табылып, 3 жасар бүлдіршін оларға аман-есен тапсырылды.
Ата-анасы әскери қызметшілерге қырағылығы, жедел әрекеті және көрсеткен көмегі үшін шынайы ризашылықтарын білдірді.
Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысында азаматтардың қауіпсіздігін қорғаумен қатар, осындай төтенше жағдайларда әрдайым көмек көрсетуге дайын екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.