67 жастағы анасын ұзатқан баласы көпшіліктің ықыласына бөленді

/
67 жастағы анасын ұзатқан баласы көпшіліктің ықыласына бөленді
stan.kz коллажы

Әлеуметтік желіде 67 жастағы анасының өмірлік серігін тауып, шаңырақ көтеруіне қолдау көрсеткен қазақстандық ер адамның әрекеті көпшіліктің ықыласына бөленді, деп хабарлайды Stan.kz.

Қуанышты сәттің видеосын кәсіпкер Мұратхан Тоқмәдидің қызы Зере Шәкерхан әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Оның айтуынша, жасы 67-ге келген әйел болашақ жарын егде тартқан шағында кездестірген. Күйеу жігіт те қалыңдықпен шамалас жаста.

Тараған кадрларда қалыңдықтың бір жағынан болашақ жары, екінші жағынан немересі қолтықтап, тойханаға кіріп келе жатқаны көрінеді. Қонақтар бұл әсерлі сәтті ерекше ықыласпен қарсы алған.

Кеш барысында күйеу жігіт қалыңдығына сезімін білдіріп, қалған ғұмырын онымен бірге өткізгісі келетінін айтты.

«Олечка, мен сені қатты жақсы көремін. Қалған өмірімді тек сенімен бірге өткізгім келеді», – деді ол.

Тойда корей халқының ұлттық әндері орындалып, дәстүрлі үйлену рәсімдері өткізілген. Жас жұбайлар ұлттық киім киіп, салтқа сай жөн-жоралғыларды орындаған.

Салтанатты кеште Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен әнші Анатолий Цой өнер көрсетіп, жұпқа музыкалық тарту жасады. Ал немерелерінің әжесіне арнаған әні тойдың ең әсерлі сәттерінің біріне айналған.

Желі қолданушылары қуаныш пен жылылыққа толы кадрларға тәнті болып, жас жұбайларға бақыт тіледі. Көпшілік анасының бақытына жағдай жасап, ерекше той ұйымдастырған ұлына алғыс айтқан.

«Қандай жарасымды жұп! Дендеріңіз сау болып, ұзақ жыл бірге бақытты өмір сүріңіздер», «Осындай ұл тәрбиелеген анаға тәнтімін», «Махаббаттың жас талғамайтынының дәлелі» деген пікірлер жазылды.

Зере Шәкерхан бұл оқиғаның жаңа өмір бастауға немесе қайта сүюге ешқашан кеш болмайтынын көрсеткенін айтты.

Оның сөзінше, адамдар кейде «енді кеш», «қайтадан ғашық болуға кеш» деген қорқынышпен өмір сүреді. Алайда шынайы бақыт адамның жасына емес, оның махаббатты қабылдауға дайындығына байланысты.

«Махаббат сіздің жасыңызды сұрамайды. Оған қанша рет жүрегіңіз жараланғаны немесе қанша уақыт жалғыз жүргеніңіз маңызды емес. Ең бастысы – оны қабылдауға дайын болу», – деп жазды ол.

Жазба авторы бұл тойды бақыттың адам өміріне күтпеген сәтте келуі мүмкін екенін дәлелдейтін ерекше оқиға деп бағалады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар