Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға төмендетті

/
Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға төмендетті
Ғаламтор

Қазақстан Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені ±1 пайыздық дәлізбен 16,75%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық банктің мәліметінше, бұл шешім инфляцияның баяулау үрдісінің жалғасуына байланысты қабылданды. Маусым айында жылдық инфляция 10,3%-ға дейін төмендеп, қатарынан тоғызыншы ай бойы бәсеңдеу динамикасын көрсетіп отыр. Сонымен бірге, реттеуші инфляциялық тәуекелдердің әлі де жоғары екенін атап өтті. Сондықтан алдағы шешімдер экономикалық жағдай мен келіп түсетін деректерге қарай қабылданады.

Ұлттық банктің бағалауынша, инфляцияның төмендеуіне жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясаты, теңге бағамының нығаюы, тұтынушылық белсенділіктің тұрақтануы, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банктің бірлескен инфляцияға қарсы шаралары ықпал етіп отыр.

Еліміздегі экономикалық белсенділік қарқыны артып келеді. 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығының қорытындысы бойынша Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) 4,1%-ға, ал тау-кен өндіру секторын есепке алмағанда шамамен 5,3%-ға өсті.

Құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларында жоғары өсім қарқыны сақталуда.

Инвестициялар көлемі 9,6%-ға артты. Ал бюджет қаражатын есепке алмағанда шикізаттық емес секторға салынған инвестициялар шамамен 29%-ға көбейді.

Ұлттық банк қандай тәуекелдерді атап өтті?

Оң өзгерістерге қарамастан, реттеушінің бағалауынша, тәуекелдер теңгерімі әлі де инфляцияның жеделдеу жағына қарай ауып тұр.

Негізгі тәуекелдер:

халықтың инфляциялық күтулерінің өсуі;

жанар-жағармай бағасы мен тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің қымбаттауы мүмкіндігі;

тұтынушылық сұраныстың күшеюі;

сыртқы инфляцияның жеделдеуі;

әлемдік шикізат және энергетика нарықтарындағы тұрақсыздықтың сақталуы.

Қосымша белгісіздік факторы ретінде геосаяси ахуал да аталды. Таяу Шығыстағы қақтығыстың ушығуы әлемдік энергия тасымалдаушылар бағасына қысым жасап отыр. Сонымен қатар әлемнің жетекші орталық банктері қатаң ақша-кредит саясатын жалғастыруда.

Алдағы жоспар

Ұлттық банкте базалық мөлшерлемені өзгерту бойынша алдын ала белгіленген бағыт жоқ екенін мәлімдеді. Келесі шешімдер инфляция көрсеткіштері, экономиканың жай-күйі, реттелетін тарифтердің өзгерісі және әлемдік нарықтардағы жағдай ескеріле отырып қабылданады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар