Жамбыл облысында алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан 208 кәсіпкер анықталды

/
Жамбыл облысында алкоголь өнімдерін заңсыз сатқан 208 кәсіпкер анықталды
polisia.kz

Полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен және қоғам өкілдерімен бірлесіп жүргізіп жатқан кешенді профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде осы жылдың алғашқы алты айының қорытындысы бойынша алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыс саны 7,5 пайызға төмендеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алкоголь өнімдерін шамадан тыс тұтыну әлі де қылмыс мен әкімшілік құқық бұзушылықтардың негізгі себептерінің бірі болып қалып отыр. Осыған байланысты өңірде құқық бұзушылықтарды анықтап, жолын кесумен қатар, олардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде.

Жыл басынан бері полиция қызметкерлері 43 қылмыстық құқық бұзушылықты анықтады. Олардың қатарында есірткі заттарын заңсыз сақтау және пайдалану, сондай-ақ көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамдардың масаң күйде көлік басқару фактілері бар.

Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде. Алкогольдік ішімдіктерді қоғамдық орындарда тұтынғаны және масаң күйде жүргені үшін 3048 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар алкоголь өнімдерінің заңды айналымына қатаң бақылау жасалуда. Жыл басынан бері алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 370 дерегі анықталды. 208 кәсіпкерге қатысты алкоголь өнімдерін сату лицензиясының қолданысын уақытша тоқтату мәселесі бойынша материалдар сотқа жолданды.

Алкогольге тәуелді азаматтармен жүргізілетін профилактикалық жұмыс та маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Алты ай ішінде 272 адам профилактикалық есепке қойылып, өңірдің 27 тұрғыны мәжбүрлі ем қабылдау үшін мамандандырылған медициналық мекемелерге жіберілді.

Өңірде жүзеге асырылып жатқан "Алкогольсіз ауыл" жобасы да оң нәтижесін көрсетуде. Бүгінде Жамбыл облысының 56 елдімекенінде алкоголь өнімдерін сату толықтай тоқтатылған. Бұл – ауыл тұрғындарының қоғамдық тыныштықты, қауіпсіздік пен берекелі өмірді таңдағанының айқын көрінісі.

Полиция, жергілікті атқарушы органдар және тұрғындар күш біріктіріп жүзеге асырып жатқан профилактикалық жұмыстар қоғамдық тәртіптің нығаюына, құқық бұзушылықтардың азаюына және өңір тұрғындары үшін қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға ықпал етуде.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар