«Заң мен тәртіп»: Абай облысында жол ережесін бұзған 2200 жүргізуші ұсталды

/
«Заң мен тәртіп»: Абай облысында жол ережесін бұзған 2200 жүргізуші ұсталды
polisia.kz

Абай облысында “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 2200-ден астам жол жүрісі қағидаларын бұзу дерегі анықталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Абай облысында жол-көлік оқиғаларын азайтуға, жол апаттарының алдын алуға және жол жүрісіне қатысушылардың тәртібін арттыруға бағытталған “Қауіпсіз жол” жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.

Іс-шараны өткізу кезеңінде полиция қызметкерлері жол жүрісі қағидаларын бұзудың 2200 дерегін анықтап, жолын кесті. Адам өліміне және зардап шегуге әкеп соқтыратын ауыр жол-көлік оқиғаларына жиі себеп болатын ереже бұзушылықтарға ерекше назар аударылды.

Рейдтер барысында төмендегідей деректер анықталды:

•  Көлік құралдарын алкогольдік мас күйде басқарудың – 37 дерегі;

• Көлік құралдарын басқару құқығы жоқ адамдардың басқаруының – 90 дерегі;

• Медициналық куәландырудан өтуден бас тартудың – 17 дерегі. Полиция қызметкерлері қолданыстағы заңнамаға сәйкес медициналық куәландырудан бас тартқаны үшін 8 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айыру көзделгенін ескертеді;

• Көлік құралының қарсы бағыттағы қозғалыс жолағына шығып кетуінің 119 дерегі.

Сонымен қатар мынадай бұзушылықтардың жолы кесілді:

• Техникалық ақауы бар көлік құралдарын пайдаланудың – 414 дерегі;

• Автомобильдерді міндетті техникалық байқаудан өткізбей басқарудың – 143 жағдайы;

• Көлік құралын басқару кезінде ұялы телефонды пайдаланудың – 340 дерегі;

• Қауіпсіздік белдіктерін пайдалану қағидаларын бұзудың – 931 дерегі.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері жоқ 57 көлік құралын, жолаушыларды тасымалдау қағидаларын бұзудың 29 дерегін және бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылған адамдардың көлікті басқаруының 16 дерегін анықтады.

Жедел-профилактикалық іс-шараны өткізу кезеңінде жол жүрісі қауіпсіздігін күн сайын 290 полиция қызметкері, соның ішінде патрульдік полиция қызметкерлері, учаскелік инспекторлар және басқа да қызметтердің қызметкерлері қамтамасыз етті.

Полиция ескертеді: ауыр жол-көлік оқиғаларының көпшілігі жол жүрісі қағидаларын аңдаулы түрде елемеу салдарынан орын алады. Автомобильді мас күйде басқару, қарсы бағыттағы жолаққа шығып кету, басқару құқығының болмауы және медициналық куәландырудан бас тарту жол жүрісінің барлық қатысушыларының өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді.

Полиция жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға, жолда өзара құрмет көрсетуге және қауіпсіздік әрбір адамның жеке жауапкершілігінен басталатынын есте сақтауға шақырады.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары