Павлодарда алкоголь ішкеннен кейін ес-түссіз жатқан кәмелетке толмаған қыз табылды. Оқиға қаладағы бассейндердің бірінің маңындағы гараждар аумағында болған. Жасөспірім шұғыл түрде медициналық мекемеге жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Павлодар облысы Полиция департаментінің мәліметінше, қыздың заңды өкіліне қатысты әкімшілік ықпал ету шаралары қабылданды.
«Қоғамдық орында мас күйінде жүргені, сондай-ақ кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін қыздың заңды өкіліне қатысты әкімшілік материал рәсімделді», – деді Павлодар облысы ПД Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.
Полицияның мәліметінше, мұндай жағдайлар өңірде сирек емес. Жыл басынан бері құқық қорғау органдары кәмелетке толмағандардың алкоголь тұтынуына және олардың қоғамдық орындарда мас күйінде жүруіне байланысты 90 құқық бұзушылықтың жолын кесті.
Сонымен қатар, 1809 ата-ана мен заңды өкіл әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұған кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе ересектердің еріп жүруінсіз үйден тыс жерде болуы себеп болған.
Полиция ата-аналар мен заңды өкілдерді балалардың қайда жүргенін жіті бақылауға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға көбірек көңіл бөлуге шақырады. Сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі – отбасы мен қоғамның ортақ жауапкершілігі екенін еске салды.