Павлодар облысында болған күшті құйын бірнеше ауылға залал келтірді. Табиғи құбылыс электр желілерін зақымдап, тұрғын үйлер мен мәдениет үйінің шатырын ұшырып әкеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбадан жер бетінен бұлтқа дейін көтерілген алып құйынды көруге болады. Сондай-ақ кадрларда құлаған электр бағаналары, сынған ағаштар мен үзілген сымдар түсірілген.
Куәгерлердің айтуынша, құйын тасжолды кесіп өткен. Осыған байланысты жүргізушілер жылдамдықты төмендетіп, қауіпті аумақты айналып өтуге мәжбүр болған. Успен ауданы әкімдігінің мәліметінше, 21 шілдеде соққан қатты жел Қоңырөзек, Чистополь, Вознесенка және Надаровка ауылдарындағы электр желілеріне зақым келтірген.
Жалпы жеті электр бағанасы құлаған. Қоңырөзек ауылында 12 тұрғын үйдің және жергілікті мәдениет үйінің шатыры жұлынып кеткен. Оқиға салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Мұндай табиғи құбылыс Қазақстанда сирек кездеседі. Дегенмен жаз мезгілінде ауа температурасы күрт өзгеріп, найзағай белсенділігі артқан кезде далалы өңірлерде атмосфералық құйын пайда болуы мүмкін. Қазіргі уақытта табиғи апаттан келген залалды жою және электр желілерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.