Қазақстандық әнші "Славян Базары" байқауында жеңімпаз атанды (ВИДЕО)

/
Қазақстандық әнші "Славян Базары" байқауында жеңімпаз атанды (ВИДЕО)
24.kz

Қазақстандық әнші Ақерке Амалят Витебскіде өткен "Славян базары – 2026" халықаралық ән байқауында бірінші орын иеленді. 25 жастағы өнерпаз әлемнің 19 елінен келген қатысушылар арасында үздіктер қатарынан көрінді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Байқау қорытындысы бойынша екінші орын Беларусь өкілі Елена Кузнецова мен Молдова әншісі Алексей Осичевке берілді. Ал үшінші орынды Қырғызстаннан келген Нұрдоолот Деркембаев пен грузиялық Важа Гаделия бөлісті.

Ақерке Амалят халықаралық додаға қатысу үшін сегіз іріктеу кезеңінен өткен. Өнерпаз байқауға жарты жыл бойы дайындалғанын айтты.

Әнші өзіне қолдау көрсеткен қазақстандықтарға алғыс білдіріп, көрермендердің жылы лебізін сезінгенін жеткізді.

"Ешқандай қобалжу жоқ. Бәрі ойдағыдай. Менімен бірге болмасаңыздар да, алыстан тақымдарыңызды қысып, мені ойлап, Алладан тілек тілеп отырсаңыздар, риза боламын. Әрбір жылы лебіздеріңіз маған сезіледі", – деді Ақерке Амалят.

Өнерлі отбасында өскен әнші сахнаға бала кезінен шыққан. Кейін Алматы музыкалық колледжінде білім алып, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын тәмамдаған.

Байқауға Беларусь, Ресей, Түркия, Грузия және Германияның өнер қайраткерлері төрелік етті. Қазақстан атынан қазылар алқасының құрамына халық әртісі Әлішер Кәрімов енген.

Оның сөзінше, орындаушы үшін сахнада өзін көрсете білу және әнді көрерменге шынайы жеткізу маңызды.

Қазылар алқасының мүшесі Дмитрий Маликов қатысушылардың репертуары, сахналық образы, орындау мәнері мен көрерменді баурай білу қабілеті бағаланғанын атап өтті.

Биылғы "Славян базары" қазақстандық өнерпаздар үшін табысты аяқталды. Ақерке Амалят бірінші орын алса, 13 жастағы Жасмина Түзелова балалар арасындағы вокалдық байқауда күміс жүлдеге ие болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары