Степногорск қаласының тұрғыны өзінің жол талғамайтын көлігінің ұрланғанын білмеген. Ол көлігінің жоғалғанын тек жол-көлік оқиғасына түскеннен кейін ғана естіген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицияға Lexus GX470 жол талғамайтын көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама түскен.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері көлік жүргізушісінің мас күйде болуы мүмкін екенін және көліктің өзіне тиесілі емес екенін анықтаған.
Тексеру барысында полицейлер жол талғамайтын көліктің иесін тапты. Белгілі болғандай, ер адам өзінің көлігі ұрланғанын мүлде білмеген.
Алдын ала мәлімет бойынша, кешкі уақытта көлік иесі үйінде көліктің кілтін қасына қалдырып ұйықтап қалған. Сол кезде үйде оның жұмысшылары болған. Солардың бірі жағдайды пайдаланып, көліктің кілтін алып, досымен бірге серуендеуге шығып кеткен. Кейін олар спирттік ішімдік ішіп, жол апатына ұшыраған.
«Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.
Сондай-ақ полиция қызметкерлері көлік иелеріне үйде де көлік кілтін бөгде адамдардың қолы жететін жерде қалдырмауға кеңес берді. Қарапайым сақтық шаралары осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алуға көмектеседі.