Балқаш қаласына жаңа әкім тағайындалды

/
Балқаш қаласына жаңа әкім тағайындалды
Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Балқаш қаласының әкімі болып Саян Мұратұлы тағайындалды. Тиісті шешім Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің және қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен қабылданды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қала активіне жаңа әкімді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев таныстырды.

Өңір басшысы жаңа әкімнің алдына қойылған негізгі міндеттерді атап өтті. Олардың қатарында қаланың инфрақұрылымын одан әрі дамыту, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру, абаттандыру жұмыстарын жүргізу және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру бар.

Сондай-ақ туризм саласын дамытуға ерекше назар аударылды. Ермағанбет Бөлекпаевтың айтуынша, Балқаш көлінің табиғи әлеуетін барынша тиімді пайдалану, туристік инфрақұрылымды дамыту, жағалау аймағын абаттандыру, инвестиция тарту, қызмет көрсету сапасын арттыру және жаңа туристік бағыттарды қалыптастыру қажет.

Саян Мұратұлы мемлекеттік басқару жүйесінде 2015 жылдан бері еңбек етіп келеді. Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын Балқаш қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бастаған.

Кейін Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасында сумен жабдықтау және су бұру бөлімінің бас маманы, кейін бөлім басшысы қызметтерін атқарды.

2022–2024 жылдары Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары болды. Кейін Қарағанды облысының құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасына ауысып, алдымен басшының орынбасары қызметін атқарды. 2025 жылдың тамыз айынан бастап аталған басқарманың басшысы болды.

Еске салайық, Саян Мұратұлы бұл қызметте Қарағанды облысының Теміртау қаласының әкімі болып тағайындалған Сапар Сатаевтың орнына келді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары