Экс-журналист, танымал блогер Мақпал Қаратай Айнұр Асанбердіге берген сұхбатында бұрынғы жары Ержанар Әшейханмен ажырасуы жайлы баяндап берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Ажырасқаныма 5 жыл болды. Бес жыл бұрын мен оған «Ержанар, мен сенің отбасыңмын. Сені күтіп отыратын отбасың бар екенін әрдайым біліп жүр. Осы үш балаңмен сені күтемін. Мен сені түсінемін. Жиырмадан асқан жасыңда үйлендің. Әлі бойыңдағы желік басылмаған шығар. Бес жыл жүр, көр, әлемді арала, қыздарға бар, қыдыр, құмарыңды қандыр. Мен сені күтіп отырамын. Бес жылдан кейін қайтып келсең қабылдаймын» дедім. Сол кезде ол «Мақпал, менің саған ешқандай ренішім жоқ. Бірақ сенің өмірің сенікі, менің өмірім менікі. Сондықтан екеуміз бір-біріміздің өмірімізге келмейік. Өз өміріңді сүр, мен, өз өмірімді сүрем. Мен ол әйелді сүйем. Екеуміз бір-бірімізден алшақтайық» деді. Бес жылда өзімнің осыншалықты өзгеріп кететінімді өзім де білмей қалдым. Қазір болатын болса ол сөзді айтпас едім», - дейді Мақпал Қаратай.
Ол сондай-ақ бұрынғы жарына қазір сезімі суығанын да жеткізді.
«Мен қазір оған ашуланбаймын, жек көрмеймін де, жақсы да көрмеймін. Ол менің өткен өмірім. Бөтен адамға айналды. Көрген кезде сәлемім түзу, бірақ бес жыл болды көрген жоқпын. Балаларға арасында келеді. Мен «үйге кірсеңші» деп шақырамын. Бірақ ол мені көруге дайын емес сияқты. 16 жыл ғұмыр кештік. Бір күні ересек адамдар сияқты бір-бірімізге тура қарап, шай ішеміз деп ойлаймын», - деді ол.