Енді шылым шегушілер өкпе обырына тегін тексеріледі

/
Енді шылым шегушілер өкпе обырына тегін тексеріледі
istockphoto.com

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі скринингтік зерттеулер жүргізу қағидаларын жаңартты. Профилактикалық тексерулер бағдарламасына алғаш рет өкпе обырын анықтауға арналған скрининг енгізілді. Сонымен қатар В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтау бағдарламасы кеңейтілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тиісті өзгерістер «Скринингтік зерттеулерден өтуге жататын адамдардың нысаналы топтарын, сондай-ақ осы зерттеулерді жүргізу қағидаларын, көлемі мен кезеңділігін бекіту туралы» бұйрыққа енгізілді.

Жаңа қағидаларға сәйкес, төмендегі талаптарға сай келетін 50–70 жас аралығындағы (тиісті жасқа толған жылы) ерлер мен әйелдер өкпе обырына скринингтен өте алады:

бронхтар немесе өкпенің қатерлі ісігі диагнозымен диспансерлік есепте тұрмауы;

қазіргі уақытта темекі шегетін және шылым шегу өтілі 20 пачка-жыл немесе одан көп болуы;

немесе темекіні тастағанына 15 жылдан аспаған болуы;

және/немесе соңғы 10 жыл ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бекіткен зиянды еңбек жағдайларындағы мамандықтар бойынша жұмыс істеген болуы.

Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі В және С вирустық гепатиттерін ерте анықтау бағдарламасын да кеңейтті.

Енді төмендегі талаптарға сай келетін 18 жастан асқан ерлер мен әйелдер тексеруден өте алады:

В және С созылмалы вирустық гепатиттері бойынша диспансерлік есепте тұрмауы;

жүктілік бойынша есепте тұрмауы.

Аталған өзгерістер Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі Эталондық бақылау банкінде жарияланды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары