Шерзод Пулатов: Құрылтай мен Халық Кеңесінің ықпалдастығы қоғамдық диалогты күшейтеді

/
Шерзод Пулатов: Құрылтай мен Халық Кеңесінің ықпалдастығы қоғамдық диалогты күшейтеді
Egemen Qazaqstan

23 тамызда өтетін Құрылтай сайлауы – еліміздің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың өз таңдауын жасап, мемлекеттің келешек бағытын айқындауға үлес қосатын маңызды саяси оқиға. Астана қаласындағы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Қоғамдық кеңестің мүшесі, «Әділет» партиясы Саяси кеңес Бюросының мүшесі Шерзод Пулатов Egemen Qazaqstan басылымына берген сұхбатында Құрылтайдың жаңа конституциялық модельдің негізгі институты екенін баса айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оның айтуынша, жинақтаған тәжірибесі мен тарихи рөлі бар қос палаталы Парламент құқықтық жүйені қалыптастыруға, мемлекеттік институттарды нығайтуға, заң шығару мәдениетін орнықтыруға маңызды үлес қосты. Қоғам өзгерген сайын саяси институттар да жаңа талаптарға бейімделетіні мәлім. Ал, бір палаталы Құрылтайға көшу –  қалыптасқан тәжірибеден бас тарту емес, заң шығару билігін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған қадам.

Шерзод Пулатовтың сөзінше, бір палаталы құрылымның басты артықшылығы – заң жобаларының бірнеше сатыдан өту қажеттілігі азайып, өзекті мәселелерге дер кезінде әрі тиімді жауап беру мүмкіндігі артады. Сонымен қатар қабылданған заңдар үшін саяси жауапкершілік те бір орталыққа шоғырланады.

«Парламент жұмысының нәтижелілігі оның екі немесе бір палаталы болуына ғана байланысты емес. Ең маңыздысы – депутаттардың кәсіби деңгейі, сарапшылар мен қоғам пікірінің ескерілуі және ашық саяси пікірталас мәдениетінің қалыптасуы әрі заң жобаларының сапалы әзірленуі», деді Ш. Пулатов.

Оның пікірінше, бұл сайлаудың басты ерекшелігі – жаңа Конституцияның шеңберінде құрылатын бір палаталы Құрылтайдың алғашқы құрамы айқындалады.

«Сондықтан бұл – кезекті электоралдық науқан емес, бұл – Қазақстанның саяси және құқықтық жүйесінің жаңа институционалдық кезеңге қадам басуы.

Сайлау бірыңғай жалпыұлттық округ бойынша пропорционалды өкілдік жүйесі бойынша өтеді. Мұндай модель саяси партияларға ел көлеміндегі қоғамдық сұранысты жинақтауға, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін тұтас бағдарламалық ұстанымдарға біріктіруге және парламенттік қызмет үшін ұжымдық саяси жауапкершілік алуға мүмкіндік береді», – деді ол.

Шерзод Пулатовтың сөзінше, кез келген саяси партияның басқа саяси күшпен бірігуі – оның жарғылық органдары қабылдайтын саяси-құқықтық шешім. Ол «AMANAT» партиясының қалыптасқан кадрлық әлеуеті мен жинақтаған тәжірибесі бар, мемлекеттік және қоғамдық институттардың қалыптасуына елеулі үлес қосқан ірі саяси ұйым екенін атап өтті.

«Аталған фракцияның «Әділет» партиясының құрамына қосылу шешімі, бұл – саяси күштердің жаңарған құндылықтар мен ортақ стратегиялық мақсаттар төңірегінде топтасуға ұмтылысы. Әйтсе де, кез келген бірігудің құндылығы оның атауынан немесе ұйымдастыру тәртібінен емес, нақты нәтижесінен көрінеді», – деді ол.

Оның пікірінше, нақты нәтиже – саяси мәдениеттің жаңаруынан, ашықтықтың қамтамасыз етілуінен, азаматтардың пікірінің ескерілуінен және қоғам алдындағы жауапкершіліктің іс жүзінде көрініс табуынан байқалуы тиіс.

«Түптеп келгенде, саяси ұйымдарға берілетін шынайы бағаны олардың мәлімдемелері емес – ұсынған идеяларының өміршеңдігі, кадрлық әлеуеті және нақты атқарған жұмысы айқындайды», деді Ш. Пулатов.

Оның пікірінше, жаңа Конституциялық модель жағдайында Құрылтай мен Халық Кеңесі арасындағы байланысты күшейту маңызды.

«Құрылтай мен Халық Кеңесі арасындағы байланысты күшейту – азаматтық қоғамның әлеуетін тиімді пайдалануға, қоғамдық бастамалардың заң шығару барысында жан-жақты қаралуына және азаматтардың үні мемлекеттік шешімдер қабылдау үдерісінде кеңінен естілуіне ықпал етеді», – деді Ш. Пулатов.

Ол өзінің Құрылтай депутаттығына кандидат ретінде партиялық тізімге енуі – зор жауапкершілік екенін атап, сайлау қорытындысы қандай болса да, өзінің қоғамдық және кәсіби қызметінде мемлекет пен қоғам мүддесіне адал қызмет ету қағидатынан айнымайтынын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары