319
Сынақ мерзімінде өзіне сыйақы тағайындаған
Сынақ мерзімінде өзіне сыйақы тағайындаған
Жезқазғанда еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы өзіне 270 мың теңге көлемінде сыйақы жаздырып алған. Қарағанды облысының Этика жөніндегі кеңесі оған қатысты тәртіптік істі қарады. Ер адамның қызметіне толық сәйкес еместігі туралы шешім қабылданды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы департаменттің мемлекеттік қызметтер саласындағы Бақылау басқармасының бас маманы Бақтияр Макеевтің баяндамасында шенеуніктің осы қызметке былтыр қазан айында келгені және оның үш ай сынақтан өтуі тиіс болғаны айтылады.
2016 жылдың 9 желтоқсанында Жаналин өзіне 270 мың теңге көлемінде сыйақы тағайындаған. Сондай-ақ, Кеңес мүшелерінің баяндамасында Жаналиннің қызметтік тергеу барысында кінәсін мойындағаны айтылады. Бірақ ол Кеңес мүшелерімен өткен жиын барысында кінәсін мойындамаған.
Оның айтуынша, сыйақы тағайындау туралы шешімді өзі қабылдамаған. Ведомство жанындағы арнайы комиссия осындай шешім қабылдады делінеді. Оның айтуынша, сыйақы Тәуелсіздік күніне орай берілуі керек болған.
"Мен маған тағылған кінәні мойындамаймын. Сол кезде сыйақы мәселесімен айналысатын арнайы комиссия құрылғанын түсіндіріп өткім келеді. Олар өткізген жиындар мен қанша адамға сыйақы берілгені жайлы хаттама да бар. Мен тек хаттамаға қол қойдым. Сол кезде біздің есепші мен кадр бөлімінің қызметкері ем алып жатты. Содан кейін мен олардан бұл ақшаны неге маған аударғандарын сұрадым. Олар байқамай қалғандарын және ештеңе білмейтіндерін айтты. Бірақ мен ақшаны бірден қайтардым. Ал менің сыйақы алғаным жайлы Анисия есімді әйел шағымданған. Мен оны жұмыстан қуып жіберген болатынмын, сондықтан ол осылай істеді. Ол барлық инстанцияға осы жайлы шағымданған. Қазір мен оны жала жапқаны үшін сотқа арыз қалдырдым. Себебі ол менің атыма негізсіз шағым түсіре береді", - деді Жаналин.
Бірақ шенеуніктің ақталғанына қарамастан Этика жөніндегі кеңес оны жазалау туралы шешім қабылдады. Ер адамның қызметіне толық сәйкес еместігі туралы шешім қабылданды.