АҚШ-та 44 жастағы Ларри Миллете бес жыл бұрын жоғалып кеткен жұбайы Майя Миллетенің өліміне кінәлі деп танылды. Тергеу дерегінше, ер адам әйелінің ажырасу туралы шешімін өзгерту үшін балгерлердің көмегіне жүгінген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Майя Миллете 2021 жылғы 7 қаңтарда із-түзсіз жоғалған. Бұған дейін ол күйеуіне ажырасуға арыз беретінін хабарлаған.
Сондай-ақ әйел жақындарына отбасындағы қысым туралы айтып, адвокаттан кеңес алуға жазылған.
Тергеушілердің мәліметінше, Ларри Миллете некесін сақтап қалуға тырысып, әйелін райынан қайтару үшін балгерлерге жүгінген. Ол түрлі дуалау және арбау рәсімдерін жасатуға әрекеттенген.
Бұл әрекеттер нәтиже бермегеннен кейін ер адам интернеттен жұбайын жарақаттау және әрекетке қабілетсіз ету жолдары туралы ақпарат іздеген деген қорытынды жасалған.
Полиция ерлі-зайыптының үйінен аса улы өсімдік тапқан. Тергеу барысында айыпталушының бұған дейін осы өсімдік туралы интернеттен мәлімет іздегені анықталған.
Бейнебақылау камералары Майя жоғалғаннан екі күн өткен соң Ларридің туысына тиесілі көлікке мұздатқыш тиелген сәтті түсіріп алған.
Алайда әйелдің үйден өз еркімен шыққанын көрсететін ешқандай бейнежазба табылмаған.
Көршілердің бақылау камераларына Майя жоғалған түні бірнеше қатты соққыға ұқсас дыбыстар жазылып қалған.
Әйелдің денесі әлі күнге дейін табылған жоқ.
Айыпталушының адвокаттары қылмысты Майяның көңілдесі жасауы мүмкін деген нұсқа ұсынған. Алайда күдікке ілінген ер адамның сол уақытта баласының дүниеге келуіне қатысқаны анықталып, алибиі расталған.
Сот Ларри Миллетені әйелін өлтірді деп кінәлі деп таныды.
Оған тағайындалатын жаза кейінірек жарияланады.