Жүргізуші куәлігін алып беремін деген танысына сенген жігіт 6,6 млн теңгесінен айырылды

/
Жүргізуші куәлігін алып беремін деген танысына сенген жігіт 6,6 млн теңгесінен айырылды
gov.kz

Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданында жүргізуші куәлігін рәсімдеуге көмектесемін деген азаматтың сөзіне сенген 21 жастағы жігіт алаяқтардың құрбаны болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зайсан қаласының тұрғыны танысына 6,6 миллион теңгеден астам ақша аударғаннан кейін полицияға арызданған.

Жәбірленушінің айтуынша, ол биылғы ақпан айында бұрын бірге әскери борышын өтеген танысымен қайта байланысқа шыққан. Олар Алматы облысындағы әскери бөлімдердің бірінде мерзімді қызмет атқарған.

Танысы қазіргі уақытта Алматыдағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтінін айтып, жүргізуші куәлігін алуға көмектесуге уәде берген.

Оның сөзіне сенген жас жігіт алдымен алдын ала келісілген соманы аударған. Кейін күдікті құжат рәсімдеуге қатысты түрлі сылтау айтып, бірнеше рет қосымша ақша сұраған.

Нәтижесінде жәбірленуші жалпы сомасы 6,6 миллион теңгеден асатын қаржыны әртүрлі есепшотқа жіберген. Ақшаның бір бөлігі өзіне белгісіз адамдардың шотына аударылған.

Уәде етілген жүргізуші куәлігі берілмегеннен кейін жігіт өзінің алданғанын түсініп, құқық қорғау органдарына жүгінген.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Полиция оқиғаның мән-жайын және ақша аударылған есепшоттардың иелерін анықтап жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар