"Астана" мен "Елімай" еурокубоктың алғашқы кезеңінде күтпеген нәтижеге тап болды

/
"Астана" мен "Елімай" еурокубоктың алғашқы кезеңінде күтпеген нәтижеге тап болды
"Астана" футбол клубының баспасөз қызметі

Қазақстандық "Астана" футбол клубы УЕФА Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Албанияның "Динамо Сити" командасынан өз алаңында жеңіліп, жарыстан шығып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қос матчтан тұратын текетірестің қарымта кездесуі "Астана Аренада" өтіп, Тирана клубының 4:1 есебіндегі ірі жеңісімен аяқталды.

Негізгі уақытта қонақтар 2:1 есебімен басым түсті. Алайда есепті бірінші болып алаң иелері ашты. 24-минутта қазақстандық жартылай қорғаушы Бауыржан Исламхан пенальтиден гол соқты. 49-минутта "Астана" құрамындағы литвалық қорғаушы Кипрас Кажуколовас алаңнан қуылып кетті.

Осыдан кейін "Динамо Сити" басымдығын пайдаланды. 50-минутта албаниялық жартылай қорғаушы Бруно Дита пенальтиді дәл орындаса, 62-минутта косоволық шабуылшы Хекуран Бериша тағы бір гол соқты.

Эльбасанда өткен алғашқы кездесу "Астананың" 1:0 есебіндегі жеңісімен аяқталған еді. Екі матч қорытындысы бойынша есеп теңескендіктен, жеңімпазды анықтау үшін қосымша уақыт белгіленді.

93-минутта албаниялық шабуылшы Лоренцо Виля шешуші голды соқты. Ал 120+4-минутта гамбиялық форвард Мустафа Кома есепті 4:1-ге жеткізді.

Осылайша, "Динамо Сити" екі матчтың қорытындысы бойынша 4:2 есебімен жеңіске жетіп, Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіне өтті. Келесі кезеңде албаниялық клуб Молдованың "Шерифі" немесе Словенияның "Алюминий" командасымен кездеседі.

"Елімай" пенальти сериясында жеңіліп, еурокубоктан шығып қалды

Семейлік "Елімай" футбол клубы УЕФА Конференциялар лигасының бірінші іріктеу кезеңінде Арменияның "Алашкерт" командасынан пенальти сериясында жеңіліп, жарыстан шығып қалды.

Қарымта кездесу Семейдегі "Спартак" стадионында өтті.

Матчтың негізгі уақыты 1:1 есебімен тең аяқталды. Қонақтар 4-минутта гвинеялық шабуылшы Момо Туренің голынан кейін алға шықты.

11-минутта "Елімай" таразы басын теңестірді. Қазақстандық жартылай қорғаушы Ақмаль Бақтияров тоголық шабуылшы Фессу Плакканың пасынан кейін дәл соққы жасады.

Ереванда өткен алғашқы матч та 1:1 есебімен аяқталған еді. Сондықтан қарсыластар қосымша уақыт ойнауға мәжбүр болды. 96-минутта хорватиялық жартылай қорғаушы Хрвое Илич пенальтиді дәл орындап, семейлік команданы алға шығарды. Он бір метрлік айып добы Плаккаға қарсы жасалған тәртіп бұзушылықтан кейін белгіленген.

Алайда қосымша уақыттың соңғы секундтарында "Алашкерт" есепті қайта теңестірді. 120+1-минутта малилік жартылай қорғаушы Дауда Тогола гол соқты.

Осыдан кейін жеңімпаз пенальти сериясында анықталды. Алғашқы бес соққының төртеуін екі команда да сәтті орындады. Кейін ойын бірінші қателікке дейін жалғасты. Армениялық қақпашы Арсен Бегларян колумбиялық шабуылшы Дубан Паласионың соққысын қайтарып, командасына 6:5 есебіндегі жеңісті сыйлады.

"Алашкерт" Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіне жолдама алды. Келесі кезеңде армениялық клуб Румынияның Клуж-Напока қаласының "ЧФР" командасымен ойнайды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар