Астанада жол қозғалысы ережелерін бірнеше ай бойы жүйелі түрде бұзған 29 жастағы жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке қамауға алынды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полиция мәліметінше, құқық бұзушы "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде анықталған. BMW көлігін басқарған ер адам наурыз бен маусым айлары аралығында 87 рет әкімшілік құқық бұзушылық жасаған.
Олардың 55-і белгіленген жылдамдықты асыруға қатысты болса, 32 жағдайда жүргізуші қоғамдық көлікке арналған арнайы жолақпен заңсыз жүрген. Сондай-ақ оның қарсы бағыттағы жолаққа шыққан сәттері де тіркелген.
Құқық бұзушылықтардың барлығы бір реттік емес, жүйелі сипатта болған.
Мәселен, наурыз айында Тұран даңғылы мен Ақмешіт көшесіндегі бейнебақылау камералары жүргізушінің сағатына 129–131 шақырым жылдамдықпен жүргенін бірнеше рет тіркеген.
Маусым айында да ол қауіпті жүргізуін тоқтатпаған. Ғабиден Мұстафин көшесінде BMW сағатына 126 шақырым жылдамдықпен қозғалған.
Ал Қайым Мұхамедханов көшесінде жылдамдық шегі сағатына 60 шақырым болғанына қарамастан, жүргізуші көлікті сағатына 151 шақырымға дейін үдеткен.
Полиция мұндай әрекеттер жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіргенін атап өтті. Жүргізушінің заң талаптарын әдейі елемеуі және өзгелердің қауіпсіздігіне қатер төндіруі қоғамға құрметсіздік таныту ретінде бағаланған.
Осыған байланысты полиция қызметкерлері оған ұсақ бұзақылық дерегі бойынша әкімшілік хаттама толтырды. Сот ер адамды кінәлі деп танып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарды.