«Заң мен тәртіп»: Қарағанды облысында киберқылмысқа қарсы күрес күшейтілді

/
«Заң мен тәртіп»: Қарағанды облысында киберқылмысқа қарсы күрес күшейтілді
istockphoto.com

1 шілдеден бастап өңірде "Hi-Tech" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның басты мақсаты – ақпараттық технологияларды пайдалана отырып жасалатын интернет-алаяқтықтың алдын алу, тұрғындардың цифрлық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру және азаматтарды алаяқтардың жаңа айла-тәсілдерінен қорғау, деп хабарлайды turkystan.kz.

Осы бағытта Қарағанды облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халық арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, интернет-алаяқтардың жаңа схемаларын анықтау және олардың жолын кесу бойынша кешенді шараларды жүзеге асыруда.

12 шілдеде болған оқиға қылмыскерлердің азаматтардың сеніміне кіру үшін қаншалықты күрделі психологиялық тәсілдерді қолданатынын көрсетті. Қарағанды қаласының 69 жастағы тұрғыны өзін банк қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адамның сөзіне сеніп қалған. Алаяқ әйелді "арнайы операция жүргізіліп жатыр" деген желеумен жинаған 16 млн 300 мың теңгені Алматы қаласына жіберген жағдайда ғана ақшасын сақтап қалатынына иландырған.

Алайда такси жүргізушісінің қырағылығы ауыр зардаптың алдын алуға мүмкіндік берді. Жолаушының мазасыз күйін байқаған жүргізуші уақыт оздырмай полицияға хабарлаған. Оның жедел әрекетінің нәтижесінде полицейлер дер кезінде араласып, аса ірі көлемдегі қаражаттың алаяқтардың қолына түсуіне жол бермеді.

Дегенмен, киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы қызметкерлерінің жедел әрекетіне қарамастан, Алматы қаласына ақшаны алып кетуге келген курьерді ұстау мүмкін болмады. Себебі алаяқтардың ықпалында болған жәбірленуші полиция қызметкерлерінің келгені туралы қылмыскерлерге хабарлап қойған. Осыны пайдаланған күдіктілер оқиға орнынан бой тасалап үлгерген.

Бұл жағдай интернет-алаяқтардың азаматтарға психологиялық қысым көрсетіп, қорқытып және оларды асығыс шешім қабылдауға итермелейтін тәсілдерді жиі қолданатынын тағы бір мәрте дәлелдейді. Осыған байланысты полиция тұрғындарды күмәнді қоңырауларға сенбеуге, бейтаныс адамдардың нұсқауымен ақша аудармауға және банк картасының деректері мен құпия кодтарын ешкімге бермеуге шақырады.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Қазіргі уақытта полицейлер қылмысқа қатысы бар барлық тұлғаларды анықтап, оларды заң алдында жауапқа тарту бағытында қажетті жедел-іздестіру және тергеу іс-шараларын жалғастыруда.

Қарағанды облысының полициясы тағы да ескертеді: банк қызметкерлері, құқық қорғау органдарының немесе мемлекеттік мекемелердің өкілдері ешқашан телефон арқылы ақша аударуды талап етпейді. Егер осындай қоңырау шалынса, әңгімені дереу тоқтатып, "102" арнасына немесе өзіңіз қызмет алатын банктің ресми байланыс орталығына хабарласқан жөн. Қырағылық – қаржылық қауіпсіздіктің ең сенімді кепілі.

Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары