Жетісу облысы прокуратурасының бастамасымен ел аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзған шетелдік мемлекеттік тіркеудегі автокөліктердің жүргізушілерін әкімшілік жауаптылыққа тартуға мүмкіндік беретін жаңа тетік енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұған дейін мұндай автокөліктердің иелерін анықтап, айыппұл төлеу туралы нұсқама тапсыру едәуір қиындық тудыратын. Соның салдарынан көптеген құқық бұзушылар жауапкершіліктен жалтарып, ел аумағынан шығып кететін. Бұл мәселені реттеу үшін облыс прокуратурасы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қажетті ақпарат алмасуды жолға қойып, өзара іс-қимылдың бірыңғай тәртібін енгізді.
Енді құқық бұзушылық анықталғаннан кейін көлік құралының иесі анықталып, айыппұл төлеу туралы нұсқама рәсімделеді, ал мемлекеттік шекараны қайта кесіп өткен жағдайда ол құқық бұзушыға табысталады. Төленбеген айыппұл болған жағдайда полиция қызметкерлері оны өндіріп алу шараларын қабылдайды.
Енгізілген тетік нәтижесінде шетелдік мемлекеттік тіркеудегі автокөліктердің 400-ден астам иесі белгіленген жылдамдықты асырғаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 28 млн теңгені құрады. Бүгінгі таңда 33 көлік құралының иесінен 1 млн теңгеден астам айыппұл өндірілді.
Аталған тетікті жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Облыс прокуратурасының бастамасымен мемлекеттік ақпараттық жүйелерді интеграциялау жұмыстары жүргізілуде, бұл ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жетісу облысының прокуратурасы заңнаманы бұзғаны үшін жауаптылықтың бұлтартпастығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды алдағы уақытта да жалғастыратынын хабарлайды. Бұл жол қозғалысына қатысушылардың тәртібін арттыруға, құқық бұзушылықтар санын азайтуға және жолдардағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.