Көкпаршыға оқ атқан Жамбыл облысының тұрғыны 5 жылға сотталды

/
Көкпаршыға оқ атқан Жамбыл облысының тұрғыны 5 жылға сотталды
istockphoto.com

Жамбыл облысының Меркі аудандық соты атыс қаруын қолданумен жасалған бұзақылық фактісі бойынша азамат М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылдың қаңтарында «көкпар» ұлттық ойыны кезінде Кеңес ауылының екі тұрғыны арасында ауызша жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Біраз уақыттан кейін жанжалға қатысушылардың бірі болған оқиға туралы туысына (сотталушы М.-ға) хабарлаған. Сотталушы жанжал жалғасқан жерге жеткенде, бұзақылық ниетпен әрекет етіп, үйіне барып, өз атына заңды түрде тіркелген ИЖ-81 аңшылық мылтығын алып, оны резеңке оқпен зарядтап, жәбірленушіні атып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. М.-нің әрекеттері ауыл тұрғындары арасында үрей туғызып, қоғамдық тыныштықтың бұзылуына әкеп соққан.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, тайып кеткенін және мылтық кездейсоқ атылғанын түсіндірді. Болған оқиғадан кейін ол жәбірленушіні дереу ауруханаға жеткізіп, көмек көрсетті.

Жәбірленуші М.-ді кешіргенін және оған ешқандай талап қойылмағанын, тараптар татуласқанын хабарлады.

Сот кінәні мойындауын, шын жүректен өкінуін, жәбірленушімен татуласуын, оң қырынан сипатталуын, 4 кәмелетке толмаған балаларының, қарт ата-анасының және жұмыс істемейтін жұбайының болуын, сондай-ақ ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде таныды.

Сот үкімімен М. ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. ҚК 63-бабын қолдана отырып, тағайындалған жаза шартты деп танылды.

Үкім заңды күшіне енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары