Жаз мезгілінде Қарағанды облысының автожолдарындағы көлік қозғалысы айтарлықтай артады. Өңір арқылы тәулігіне жүздеген мың автокөлік транзитпен өтеді. Осындай қарбалас кезеңде жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында облыс аумағында республикалық "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Полицейлер үшін бұл тек кезекті рейд емес. Негізгі мақсат – адам өміріне қауіп төндіретін өрескел құқық бұзушылықтардың жолын кесіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Тек өткен демалыс күндерінің өзінде Қарағанды облысының полицейлері жол қозғалысы ережесін бұзудың 576 дерегін тіркеді.
Ең алаңдатарлығы – ауыр жол апаттарына жиі себеп болатын құқық бұзушылықтар:
12 жүргізуші көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталды;
17 жүргізуші қарсы қозғалыс жолағына заңсыз шыққан;
2 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған;
10 автокөлік заңсыз қайта жабдықталғаны анықталды;
5 жағдайда жолаушыларды заңсыз тасымалдау фактісі тіркелді.
Мұндай әрекеттер жеңіл пайда табуды көздеп, жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігін қатерге тігеді. Жолдардағы жылдамдық режимін бақылау заманауи автоматтандырылған жүйелердің көмегімен де жүзеге асырылуда. Бақылаудағы учаскелерде орташа жылдамдықты арттырудың 102 дерегі тіркелді.
– "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасының басты мақсаты – айыппұл салу немесе есептегі көрсеткіштерді көбейту емес. Ең бастысы – адам өмірін сақтау, қайғылы жол-көлік оқиғаларының алдын алу. Жол қауіпсіздігі әрбір жүргізушінің жауапкершілігінен басталады. Әрбір қабылданған шешім, әрбір маневр өзіңіздің ғана емес, өзге жол қозғалысына қатысушылардың да тағдырына әсер етеді, – деді Қарағанды облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Бағдат Какимов.
Қазіргі уақытта өңір полицейлері күшейтілген режимде қызмет атқаруда.
Тәртіп сақшылары жүргізушілерді жылдамдық режимін сақтауға, мас күйінде көлік тізгініне отырмауға, қарсы жолаққа шықпауға және жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға шақырады. Бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Жолдағы қауіпсіздік – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.