Көкшетаудың екі тұрғыны алтын бизнесімен заңсыз айналысып, 224 млн теңге тапқан

/
Көкшетаудың екі тұрғыны алтын бизнесімен заңсыз айналысып, 224 млн теңге тапқан
istockphoto.com

2021–2023 жылдары Көкшетау қаласының тұрғыны тазартылған (аффинаждан өткен) алтынды заңсыз сатып алып, одан зергерлік бұйымдар жасап, сатып алушыларға өткізген. Оның заңсыз әрекетінен тапқан табысы 224 миллион теңгеден асқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу барысында оның тапсырмасы бойынша қол астында жұмыс істеген ер адамның жалпы салмағы шамамен 744 грамм болатын алтын құймалары салынған ораманы Шымкент қаласына жөнелткені де анықталды.

Бірінші сатыдағы сот негізгі айыпталушыны бағалы металдардың заңсыз айналымын ұйымдастырғаны, аса ірі көлемде табыс табуға бағытталған заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғаны үшін кінәлі деп таныды. Оған төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, мүлкі тәркіленді. Сондай-ақ бес жыл мерзімге бағалы металдар айналымы саласында қызметпен айналысу құқығынан айырылды.

Екінші айыпталушы аса ірі көлемдегі бағалы металдарды заңсыз тасымалдағаны үшін кінәлі деп танылды. Сот оған үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, дәл осындай қосымша жаза қолданды.

Кассациялық шағымдарында қорғаушылар сот актілерінің күшін жоюды сұрады. Негізгі айыпталушының адвокаты оның кәсіпкерлік қызметі заң аясында жүргізілгенін, ал алынған табыс делдалдық қызметтің нәтижесі екенін алға тартты. Ал екінші сотталушының қорғаушысы оның тасымалдаған ораманың ішінде не бар екенін білмегенін мәлімдеді.

Алайда кассациялық сот екі сотталушының да кінәсі іс бойынша зерттелген дәлелдердің жиынтығымен толық дәлелденген деген қорытындыға келді. Сот алқасы қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманың сот шешімдерінің күшін жоюға немесе өзгертуге негіз болатын қандай да бір бұзушылықтарын анықтамады.

Осыған байланысты кассациялық саты үкімді өзгеріссіз қалдырып, тағайындалған жазаны заңды, негізді әрі әділ деп таныды.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары