Алматыда арнайы операция барысында полицейлер ірі көлемдегі синтетикалық есірткіні тәркіледі.
Бостандық ауданында полиция қызметкерлері заңсыз заттар тасымалдануы мүмкін деген күдікпен көлікті тоқтатты. Көлікті тексеру кезінде ішінен ұнтақ тәрізді зат салынған ондаған орама, ұялы телефондар, қаптама материалдары, электронды таразы, медициналық пипеткалар және газ тапаншасы табылды.
Күдіктілердің бірінің үйін тінту кезінде тәртіп сақшылары есірткіге ұқсас зат салынған қосымша ыдыстарды, оларды буып-түюге арналған материалдар мен есірткіні сатуға дайындауға пайдаланылған құрал-жабдықтарды тәркіледі.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, алдын ала дерек негізінде 44 жастағы ер адам бірнеше ай бойы синтетикалық есірткіні «жасырын орындарға қалдыру» тәсілі арқылы таратумен айналысқаны анықталды. Онымен бірге 39 жастағы әйел де ұсталды.
Күдіктілер қамауға алынды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.