Павлодар қаласында "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция қызметкерлері жолаушылар тасымалымен айналысатын көлік құралдарының техникалық жай-күйін тексеруде, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шара барысында автобус қызметін көрсететін төрт автокәсіпорын бақылаудан өтті. Нәтижесінде көлік құралдарының техникалық ақауларына байланысты бірқатар заң бұзушылық анықталды. Осыған байланысты автобустардың жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар техникалық ақауы бар көліктерді желіге шығарғаны үшін автокәсіпорын басшыларына да тиісті шаралар қолданылды.
– Азаматтардың қауіпсіздігі – полиция қызметінің басты басым бағыттарының бірі. Біз жолаушылар тасымалына бақылауды тұрақты түрде күшейтіп, жолдардың жай-күйін комиссиялық негізде тексеріп, жол белгілері мен таңбалардың талапқа сай болуын қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізіп келеміз. Сонымен қатар ата-аналар балаларға жол қозғалысы ережелерін үнемі түсіндіріп отырғаны маңызды. Тек бірлескен әрекет арқылы жол-көлік оқиғаларынан болатын жарақаттардың, оның ішінде балалар арасындағы қайғылы жағдайлардың алдын ала аламыз, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасының мемлекеттік автоинспекторы Сұлтан Жүнісов.
Полиция департаментінің мәліметінше, анықталған барлық заң бұзушылықтар бойынша оларды жою және тиісті шаралар қабылдау үшін жауапты ұйымдарға нұсқамалар жолданды. Жолаушылар тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.
Еске сала кетейік, «Заң мен тәртіп» қағидаты — Қазақстанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен мемлекеттік саясаттың маңызды бағыты ретінде жүзеге асырылып жатқан, заңның үстемдігін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қағидат.