Жетісу облысының Кербұлақ ауданындағы тағы тоғыз елді-мекеннің тұрғындары табиғи газға қол жеткізді. Олар: Байғазы, Тастыбастау, Алтынемел, Ақбастау, Доланалы, Жаңалық, Жайнақ батыр, Шаған және Тастыөзек ауылдары, деп хабарлайды turkystan.kz.
Нәтижесінде 1 390 тұрғын үйде тұратын шамамен 6 мың адам табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Осылайша, Кербұлақ ауданындағы газдандырылған елді мекендер саны 22-ге жетті.
Кербұлақ ауданын газдандыру жобасы 2022 жылдан бері кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді және Жетісу облысындағы ең ірі инфрақұрылымдық жобалардың бірі саналады. Жалпы жоба аясында ауданның 25 елді мекенінде шамамен 500 шақырым газ тарату желісін салу көзделген.
Қазіргі таңда Жетісу облысындағы газдандыру деңгейі 67,2%-ға жетті. Табиғи газ өңірдің 110 елді мекенінің тұрғындарына қолжетімді.
Іске асырылып жатқан жобалар толық аяқталғаннан кейін газдандырылған елді мекендер саны 126-ға дейін артып, облыстың 500 мыңнан астам тұрғыны табиғи газға қол жеткізеді.