Саясаттанушы, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Индира Рыстина пропорционалды сайлау жүйесінің азаматтардың саяси таңдау жасауына қалай әсер ететінін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Жалпы Құрылтай сайлауларының толыққанды пропорционалды жүйеге өтуі – елдегі саяси партиялардың бәсекелестігін одан әрі күшейтуге мүмкіндік береді. Яғни толыққанды пропорционалды сайлау дегеніміз – енді партиялар өздерінің бағдарламалары мен партиялық тізімдері арқылы бәсекеге шығады деген сөз. Халық болашақта саяси таңдау жасаған кезде жекелеген азаматтарды емес, керісінше саяси бағдарламаны, болашақтағы даму бағыттарын таңдайды. Енді жауапкершілік мазмұнды, сапалы форматқа ауысады. Таңдау жасаған кезде «Қандай даму бағыттарына біз сүйенуіміз керек? Болашақта елдің дамуының қандай негізгі индикаторларын көріп тұрмыз?» деген сұраққа жауап береді. Яғни таңдау жасаған кезде жеке бір тұлғаның харизмасына немесе жеке қасиеттеріне емес, керісінше «Қалай дамимыз? Қандай боламыз?» деген сұрақтарға жауап беру арқылы таңдау жасалады», – дейді ол.