«Әділет» партиясы жаңа Конституцияға сай жаңартылған Жарғыны қабылдады

«Әділет» партиясы жаңа Конституцияға сай жаңартылған Жарғыны қабылдады

«Әділет» партиясы кезектен тыс III Съезінің күн тәртібіне сайлауалды бағдарламаны, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекіту, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, мүшелік партиялық жарналардың мөлшерін бекіту, сондай-ақ Съездің қорытынды Қаулысын қабылдау мәселелері енгізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алдымен делегаттар Жарғыға енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар, сондай-ақ партия мүшелерінің жарна мөлшері сынды партияның ұйымдық дамуына қатысты мәселелерді қарады. Жарғының жаңа редакциясын таныстырған партия Саяси кеңесінің мүшелері Бекжан Әлімқұлов пен Гүлзира Атабаева құжат Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының ережелері мен қолданыстағы заңнамаға енгізілген өзгерістерді ескере отырып әзірленгенін атап өтті. Олардың айтуынша, жаңа Конституцияның қабылдануы мемлекеттік басқару ісінің барлық жүйесін терең жаңғыртуға жол ашты. 1 шілдеден бастап партия қызметінің басым бағыттарының бірі – жаңа конституциялық қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асыру.

Жалпы алғанда, Жарғының 40 ережесіне өзгеріс енгізілді. Олар өзара байланысатын үш негізгі блокқа топтастырылған. Бірінші блок Жарғыны Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы мен қолданыстағы заңнамаға сәйкестендіруге бағытталды.

Екінші блок партияның басшылық органдары арасындағы өкілеттіктерді нақты айқындауды және заманауи әрі тиімді ұйымдастырушылық тетіктерді енгізуді қажет ететін партияішілік басқару жүйесін жетілдіруді көздейді.

Үшінші блок құжатты редакциялық және жүйелік тұрғыдан жетілдіруге арналды. Соның нәтижесінде Жарғы мазмұны жағынан бірізді, қисынды және практикалық тұрғыда қолдануға барынша қолайлы болады.

«Заманауи Жарғы – бұл шешім қабылдау тәртібін, жауапкершілікті бөлуді, басқару тиімділігін және еліміздің барлық аумағында партия қызметінің бірыңғай стандарттарын айқындайтын құжат. Ұсынылып отырған өзгерістер партияны неғұрлым прогрессивті, мобильді әрі уақыт талабына тиімді жауап бере алатын саяси ұйымға айналдыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар партия өзінің негізгі құндылықтары мен басты қағидаттарын сақтап қалады», – деді Гүлзира Атабаева. Жарғының жаңартылған редакциясында партияішілік басқару жүйесін жетілдіру ісіне ерекше назар аударылды. «Ұсынылып отырған өзгерістер партияның жоғары органдарының стратегиялық рөлін, шешім қабылдау барысының жеделдігін, басқарудың цифрлық құралдарын және ел аумағындағы жұмыстың бірыңғай стандарттарын өзара үйлестіретін заманауи партиялық басқару моделін қалыптастырады», – деді Бекжан Әлімқұлов.

Сондай-ақ делегаттар мүшелік партиялық жарналардың мөлшерін бекітті. Жұмыс істейтін азаматтар үшін ай сайынғы жарна мөлшері – 0,1 АЕК, ал студенттер үшін – 0,01 АЕК. Сонымен қатар зейнеткерлер, мүгедектігі бар қазақстандықтар, бала күтімі бойынша демалыста жүрген ата-аналар, сондай-ақ мүгедектігі бар балалардың заңды өкілдері мүшелік жарна төлеуден толық босатылды.

Ұйымдық мәселелер қаралғаннан кейін делегаттар партияның Сайлауалды бағдарламасын талқылау, Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекіту және «Әділет» партиясының кезектен тыс III Съезінің қорытынды Қаулысын қабылдау жұмысына кірісті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары