Елордада жүк көлігінің жүргізушісі нөмірін камерадан жасырмақ болған

/
Елордада жүк көлігінің жүргізушісі нөмірін камерадан жасырмақ болған
polisia.kz

Астанада патрульдік полиция полкінің қызметкерлері мемлекеттік тіркеу нөмірін жасыруға арналған арнайы құрылғыны пайдаланған Shacman жүк көлігінің жүргізушісін анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

34 жастағы жүргізуші көлігін рөлден мемлекеттік тіркеу нөміріне дейін тартылған арнайы сымнан тұратын механизммен жабдықтаған. Осы құрылғының көмегімен ол мемлекеттік тіркеу нөмірін кез келген сәтте көтеріп немесе түсіріп, жол қозғалысы ережелерін автоматты түрде тіркейтін камералардан жасырып отырған.

Патрульдеу кезінде полиция қызметкерлері жүргізушінің камераға жақындаған сәтте мемлекеттік нөмірді түсіргенін байқап, көлікті дереу тоқтатты. 34 жастағы жүргізушіге мемлекеттік тіркеу нөмірін сәйкестендіруге кедергі келтіретін құрылғымен жабдықталған көлік құралын басқарғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Сот шешімімен құқық бұзушы бір жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылып, сондай-ақ әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция мемлекеттік тіркеу нөмірін жасыруға немесе оны сәйкестендіруге кедергі келтіретін кез келген құрылғыны пайдалану – заңнаманы өрескел бұзу болып табылатынын ескертеді.

Құқық бұзушылықты тіркеуден жалтару әрекеттері жазасыз қалмайды. Мұндай фактілер бейнебақылау камералары арқылы да, патрульдеу барысында да анықталады. Заң талаптарын бұзған әрбір азамат қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары