Ақтөбе облысында қатты желден мұнара дүкеннің үстіне құлады

/
Ақтөбе облысында қатты желден мұнара дүкеннің үстіне құлады
pexels.com

Ақтөбе облысында қатты жел салдарынан байланыс мұнарасы құлап, бірнеше адам зардап шекті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға Байғанин ауданына қарасты Қарауылкелді ауылында болған. Екпінді желдің әсерінен темір байланыс мұнарасы жеке тұрған бірқабатты дүкен ғимаратының үстіне құлаған. Салдарынан үш адам жарақат алды.

Зардап шеккендерге аудандық аурухана дәрігерлері медициналық көмек көрсетті.

Ақтөбе облысы әкімдігінің мәліметінше, оқиға орнында Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізген. Сондай-ақ қатты желден ауылдағы бірнеше нысанға зақым келген.

Өңір басшысы Асхат Шахаровтың тапсырмасымен жағдайды бақылауға алу және қажетті шараларды үйлестіру үшін облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуов жетекшілік ететін төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия құрылды.

Қазір мамандар бүлінген нысандарға келтірілген шығын көлемін анықтап жатыр. Аудан орталығында электр энергиясы мен ұялы байланыс қызметін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл іске авариялық бригадалар тартылған.

Тексеру қорытындысынан кейін жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау мәселесі қаралады.

Әкімдік барлық тиісті қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшкенін хабарлады. Жергілікті атқарушы орган оқиғаның салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету бойынша қажетті шаралар қабылдайды.

Билік тұрғындарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпаратқа сенуге және авариялық-қалпына келтіру жұмыстарына түсіністікпен қарауға шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар